Бүгін 10 баланы үйге шығарды
Ақтөбе облысы Қобда ауданы Қобыланды батыр атындағы орта мектептегі улану дерегінен соң ауруханаға бір емес, бірнеше дәрігер жіберілген. Аудан әкімінің орынбасары Арман Қабылов мән-жайды баяндап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Бұл - 18 ақпан күні түстен кейін болған жағдай. 4-сынып оқушысы білім беру ұйымынан тыс жерде, яғни, дүкеннен Қытай өнімін алған. Дүкеннен түрлі тәтті көріп жүрміз, соны алған. Сыртында қазақша, орысша емес, қытайша жазылған. Сыныпқа апарады, оны 7 бала жейді. Ал қалғандарының иістен жүрегі айнып, көзі жасаураған, бөртпе шыққан. Сынып жетекшісі соны байқап, жедел жәрдемге, мектеп әкімшілігіне, ата-аналарға хабар берді. Аудандық ауруханаға апарады. Сол күні бір сыныптың 23 оқушысы ауруханаға жатқызылды. Негізінен 7 оқушыдан улану белгісі басым болған. Сол кезде 4 ата-ана қолхат жазып, балаларын үйіне алып кетті. Сөйтіп 19-ы ауруханаға жатып, дәрігерлер бақылауында болды. Ал бүгін 10 баланы үйге шығарды. Ауруханада барлығы 9 бала жатыр. Оның жетеуі тәттінің дәмін татқан, ал екі баланың түнде қызуы көтерілген. Бұған дейін де облыстан дәрігер келіп қараған. Тағы да балалар инфекционисі мен құлақ, мұрын, тамақты қарайтын маман келе жатыр. Қарап, денсаулығын бақылайды. Ертең бәрін үйіне шығарады,- деді аудан әкімінің орынбасары Арман Қабылов.
Оның айтуынша, эпидемиолог мамандар да келіп, қарап кеткен.
"Тәттіні қай дүкеннен алғаны белгілі. Аудандық полиция бөлімі деректі тіркеді. Қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Дүкен иесіне, сатушыларына балалардың уланғаны туралы ақпарат берілді. Ал мұғалімдер дін аман, оларға кері әсері болмады. Қазіргі кезде аудандық білім бөлімі мектептерге ескертіп, сақ болуға шақырды. Ата-аналар, балалар бұл туралы білуі керек", - деді Арман Қабылов.
Ал Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі осы оқиғадан соң іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын растады.
Дереккөз: ҚазАқпарат