Қылмыстық іс бойынша деректер бас-аяғы 60 томнан асады
Бүгін атышулы Шерзат Полаттың ісі бойынша алғашқы сот отырысы басталды. Қоғам назарындағы процесс Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жасөспірімнің қазасынан кейін алғашқыда 11 адам ұсталған еді. Алайда қазір 9 айыпталушы сот алдында жауап беріп отыр. Олардың ішінде тек екеуіне ғана — ауыр қылмыс жасады деп, атап айтқанда кісі өлтіру мен оған оқталу баптары бойынша айып тағылыпты. Қалған жетеуі бұзақылық және қылмыс жайында хабарламағаны үшін істі болмақ. Олардың біреуі кәмелет жасына толмаған.
Айта кетейік, тыңдалым алдымен прокурор Ержан Құрақбаевтың айыптау актісін оқуынан басталды.
«Өзімен алдын-ала дайындап алып келген қоңыр түсті сабы бар пышағын қару ретінде пайдаланып, оларды қасақана қазаға ұшырату мақсаты туындаған. Полаттың кәмелетке толмағанын біле тұра, соңынан әкесі Нұрымов және оқиға оргына жалдамалы автокөлікпен келген анасы Бишімбиеваның, әжесі Кадированың жүргеніне қарамастан Полаттың өмілік маңызды органы болып табылатын сол жақ жүрек тұсына жоғарыда айтылған пышағын сұғып алған», – деді мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев.
Қылмыстық іс бойынша деректер бас-аяғы 60 томнан асады. Отырыста барлық айыпталушы бір ауыздан алқабилер сотынан бас тартты. Ал жәбірленуші тарап пен олардың қорғаушылары келесі сот отырысы қылмыс болған жерде, яғни Алматы облысында өтсе деген өтініш білдірді. Судья Ержан Жанұзақ тараптарды тыңдап, келесі сот процессін 17 сәуірге қойды. Марқұм Шерзат Полаттың жақындары тыңдалымнан соң айыптау актісімен ішінара келіспейтінін ашып айтты.
«Ол кісілерді жеке-жеке баппен сотталып жатыр. Бірақ олар топ адам болып келді. Тәртіп бұзған жоқ, олар баланың жанын алуға келді. Сол себепті нақты заңды өліміне жауап беру керек», – деді марқұм Ш. Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова.
Оқи отырыңыз: Сыра ішуді ұсынған: Алматы облысында ер адам 9 жасар баланы соққыға жыққан