Ол лудоманиямен ауырғанына байланысты ажырасып кеткен
Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, былтыр Сайрам ауданының тұрғыны бұрынғы әйелінің үйіне баса көктеп кіріп, балаларын көрсетпей жүргені үшін мойнына пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан.
Аталған азамат бұған дейін сотты болған, лудоманиямен ауырғанына байланысты ажырасқан.
«Күдікті жәбірленушінің туыстары мен құқық қорғау қызметкерлерінің ескертулерін тыңдамай, оны пышақпен қорқытып аулада тұрған автокөлікті өзіне басқартып, ол жерден бой тасалаған. Сол күні арнайы іс шара жүргізу барысында күдікті Шымкент қаласында ұсталып, жәбірленуші кепілден босатылды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Сот жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын ішінара қосып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген.
Оқи отырыңыз: Елімізде ажырасқандарға салынатын салық көлемі артатын болды