Бірақ экс-шенеунік кінәсін сол күйі мойындамады
Жетісу облысында 7 жастағы ұл баланы зорлады деп айыпталған экс-депутатқа үкім шықты. Судья 41 жастағы сотталушыны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірақ экс-шенеунік кінәсін сол күйі мойындамады. Алайда оның туысының баласына зорлық-зомбылық жасағанын сараптама дәлелдеген.
«Сотталған Жакуповты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтесін. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. Азаматтық талапкердің пайдасына 15 млн теңге моральдық зиян және мемлекет пайдасына 1966 теңге мемлекеттік баж өндірілсін, – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.
Еске сала кетейік, оқиға былтыр тамызда болған. Жаға ұстатар жағдай туралы полицияға баланың анасы арызданған. Ал сотталушы Ақсу ауданы әкімінің аппарат басшысы, осы ауданда мемлекеттік қызметшілердің этикасына жауапты уәкіл қызметін атқарған. Ал былтыр көктемде Ақсу аудандық мәслихат депутаты болып сайланған. Алайда AMANAT партиясының облыстық филиалы оның бұл оқиғаға дейін 2024 жылдың 1 тамызында өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш бергенін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі бала өлімі: марқұмның әкесі оның жүрегі жарылып кеткенін айтты