Өмірін өнермен өрнектеген актер: Балтабай Сейітмамытұлы 75 жасқа толды

Тұлға 50-ден астам фильм, 60-тан аса спектакльдің басты кейіпкері болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өмірін өнермен өрнектеген актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытұлы 75 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сахна мен экранда сан алуан бейнені сомдап, халқымыздың рухани әлемін байытқан өнер иесінің шығармашылық жолы жарты ғасырдан аса уақытты қамтиды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері бүгінде зейнет жасында болса да, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Қаламын серік етіп, жүректен шыққан жырлар мен ойлы афоризмдер жазуды жалғастырып келеді.

Белгілі актер, театр және кино тарланы Балтабай Сейітмамыт 1950 жылы 11 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген. Өнерге құштарлығы бала кезінен басталыпты. Оның шабытын оятқан - даңқты режиссер Шәкен Айманов. Қазақ киносының алыбы Қастек маңында екі фильм түсіріп, жасөспірім Балтабай оны өз көзімен көріпті. Ол кезде бозбала 8-сынып оқыған.

 «8-сыныпта ауылға бір көлік келді. Ұшағы бар, сүйреген бірдеңелері бар. Сол кезде жұрттың бәрі «Айманов келді» деді. «Алдар көсені» түсіргелі жатыр. Өнердің, киноның не екенін сонда көрдім. Шәкен ағамен шахмат ойнап, домбырасын тарттым. Сол кісілердің ықпалымен өнерге кеттім, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына түсем деп жүргем», – деді актер, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытұлы.

Сахна саңлағының өнер жолындағы алғашқы қадамы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен байланысты. Өнердің қасиетті ордасынан білім алып, актерлік шеберлігін шыңдаған ол театр студиясын 1971 жылы тәмамдайды. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында білімін жалғастырып, драма және кино режиссері мамандығы бойынша жоғары білім алған. Сол кезде режиссерлік өнердің қыр-сырын алғаш үйреткен ұстазы Серік Елеусізов екенін сағынышпен еске алады.

«Серік Елеусізов Москвадан Гитистан келді да, сабақ берді. Негізінен пластика жағына көп мән берді. Ол эстрадалық режиссура факультетінде жүрген адам болатын. Адамгершілігі үлкен жігіт. Ерте дүниеден өтіп кетті. Өте жақсы адам, білімді, оқығаны көп еді, көп өнеге алдық», – деді Балтабай Сейітмамытұлы.

Өнер жолында өрнек қалдырған тұлға 50-ден астам фильм, 60-тан аса спектакльдің басты кейіпкері болған. Бірақ көрерменнің жүрегінде әрдайым жағымды образымен жатталыпты. Өнерде талапшыл, мінезі тік. Мұны замандастары да, іні-қарындастары да бірауыздан растайды. Оның 10 жылдық режиссерлік еңбегі – шығармашылық жолындағы шоқтығы биік кезең.

 «Балтабай аға – ерекше жаратылыс, болмысы бөлек адам. Мен Ғ.Мүсірепов театрына келгенде, жастарға қамқорлық жасап жүреді. Спектакль қойса, міндетті түрде жастарды алады. Жүрегі өте нәзік жан, өмірде қатты болғанымен, жүрегі тез жараланып қалады», – деді Б. Сейітмамытұлының шәкірті Данияр Жоламанұлы.

Балтабай Сейітмамытұлы ағамыз кино мен театр өнерінен бөлек қара шаңырағында дәл осылай көшеттер отырғызып, бау – бақшамен айналысады. «Жүрегім ашық жақсыға» кітабын 2010 жылы шығарған. Мұнда балаларына, ұстаздарына, түрлі оқиғаларға қатысты өлеңдер мен әңгімелер жинақталған.

Шығармашылықтан қол үзбеген сахна саңлағы бүгінде 2 баласынан 4 немере, 2 шөбере көріп отыр. Өзі сияқты жары да – шығармашылықтың шыңын бағындырған жан.

 «Кейде құрбыларым «Балтекеңмен бірге өмір сүру қиын болар» деп сауал қояды. Бастысы адам бірін-бірі түсінісуде. Мысалы екеуіміз де шығармашылық ортаның адамдарымыз, мен – журналист болсам, ол – актер, режиссер, өнердің адамы. Бір-бірінің жанын түсіну керек. Құдайға шүкір, отбасымызда ондай түсініспеушілік деген болмайды», – деді Б. Сейітмамытұлының жұбайы Ләззат Айтханқызы.

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген сахна шебері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өнердегі адал еңбегі үшін «Құрмет» орденін алған арда азамат. Халықаралық фестивальдердің жеңімпазы, сан мәрте үздік атанған. Оның шығармашылық жолы – жас буынға өнеге, ұлт руханиятына қосылған баға жетпес байлық.

Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Сәтбаевтың сакурасы қайта гүлдейді

Новости партнеров