Мобилді кітапханада 300 кітап қоры бар
Бүгінде халықтың 90 пайыздан астамы мемлекеттік қызметті онлайн түрде алады. Сонымен қатар еліміз онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемде үздік ондыққа енді. Соның бір дәлелі – Алматы Кітапханаларының цифрландыру саласындағы жетістігі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі,
Соңғы жылдары цифрландыру халық өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтерді алуда қарайған кезек пен қауырт қарбаластан арылтқаны анық. Мұндай жаңашылдықтар кітапханаларға да еніп жатыр. Алматы кітапханалар желісінде көзі нашар көретін және зағип жандардың кітап оқып, ғаламтордан қажетті ақпарат алуына мүмкіндік беретін техниканың орналастырылған.
"Брайль дисплейі – нүктелі-бедерлі қаріппен көзі көрмейтін адамға саусағымен түртіп оқуға мүмкіндік беріп тұратын құрал. Артымызда тұрған ол брайль принтері деп аталады. Оның маңызы өте зор. Неге десеңіз, кез келген мәліметті брайль қаріпімен кез келген тілде шығарып алуға болады", – деді кітапханашы Асыл Әжібеков.
Оқырмандарға кітапханалық қызметтерді пайдалану жүйесін жеңілдету мақсатында қоғамдық орындарда 20-дан аса автономды кітапхана орнатылған. Жаңа құрылғы кітапханаға бармай-ақ кітап алуға және оны қайтаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кітапсүйер халық саны да 250 000-ға жетіп, келушілер саны 3 миллионға жуықтаған.
"Кітапхана саласы жаңағы сандық технологияларымен, яғни, автоматтандыру жағынан көзге түсіп жатыр деп айта аламыз. Оның дәлелі жоғарыда көрсетілген көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған аппараттардан бөлек, цифрландырудың тағы бір көрінісі – қаладағы автономды кітапханалар. Бұл дегеніміз оқырманның өз-өзіне қызмет көрсетуі. Яғни қазіргі таңда осындай күйбең тіршілікпен жүріп, кітапханаға кіріп, кітап оқуға оқырманның уақыты болмайды", – деді Қазақстан жазушылар кітапханасының жетекшісі Мақпал Мұхаметова.
Бұл – жаңа автономды мобилді кітапхана. Мұнда 300 кітап қоры бар. Кез келген оқырман билеті бар қала тұрғыны келіп, кітап алуына мүмкіндігі бар. Кітап екі аптаға беріледі.
Айта кетейік, тағы осындай 24 құрылғы қаланың қоғамдық орындарында, яғни, көпшілік көп жүретін жерде және сауда орындары мен метро стансаларында орнатылған.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша Қазақстан халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. БҰҰ деректеріне сәйкес, еліміз онлайн-қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік ондығына кіріп, цифрландырудан 193 мемлекеттің ішінде 24-орын иеленді.
Олжас Омарбек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызмет: цифрлық шешімдердің пайдасы қандай