Оралда ақша бопсалаумен айналысқан жастар тобы ұсталды

23.04.2025 16:42

Бес күдіктінің төртеуі колледж студенттері болса, біреуі қыз бала болған

polisia.kz

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы жергілікті тұрғыннан ақша бопсалады деген күдікпен жастар тобын ұстады деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жәбірленуші әлеуметтік желіде танысуға арналған арна арқылы бір қызбен сөйлескен. Хат алмасу кезінде қыз оны өз үйіне кездесуге шақырған.

«Алайда көрсетілген мекенжайға келген кезде, пәтерге үш белгісіз жігіт баса-көктеп кіріп, жәбірленушіні сыртқа шығарып, өздерін қыздың ағасы ретінде таныстырып, қорқытып ақша талап еткен. Қорыққан жәбірленуші телефонын күдіктілердің біріне берген, ол банк қосымшасы арқылы өзінің банк шотына ақша аударып алған», - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары барысында барлық қатысушылар анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Бес күдіктінің төртеуі — Орал қаласындағы колледж студенттері, олардың бірі — сол кездесуге шақырған қыз», - деді полиция өкілдері.

Полиция тергеу жұмыстарын жалғастыруда және азаматтарды интернеттегі арандатушылықтарға алданбай, мұндай жағдайлар болған кезде бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда такси жүргізушісін бопсалап келген топ ұсталды