Іс-шара барысында оқушыларға өрт сөндіру көлігі таныстырылып, жабдықтардың қызметі айтылды
Алматыда «Өрт қауіпсіздігінің бірыңғай күні» атты республикалық профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқан мектеп оқушыларын оқыс оқиға бола қалса, дүрбелең тудырмай, саналы түрде әрекет етуге шақырады. Мәселен Бостандық ауданындағы №63 жалпы білім беретін мектепте өткен оқу-жаттығу жиынында өрт сөндірушілер білім алушыларға түсіндірме жұмысын жүргізді. Жалын шығып, мектеп ішін түтін басқанда не істеу керегін жіті түсіндірілді.
"Төтенше жағдайда балаларға алдын ала ескертіп, қалай шығу керек екенін толығымен айтамыз. Әр корпустың, әр класстың шығатын есіктері болады белгіленген. Оқушылар бір-бірімен қақтығыспай, соқпай есіктен шығуы керек. Осындай жаттығуларды жиі өткізіп тұрамыз", – деді №63 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Батыржан Тұрысов.
Іс-шара барысында оқушыларға өрт сөндіру көлігі таныстырылып, жабдықтардың қызметі айтылды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында Алматыдағы мектептерде апта сайын дәріс ұйымдастырылады. Былтыр 300 мың баланың қатысуымен 150-ге жуық онлайн сабақ өткізілген.
"Кішкентай балаларда инстинкт болады. Қорыққаннан парталардың астына тығылып қалуы мүмкін. Шкафтардың ішіне кіріп кетуі мүмкін. Өрт кезінде түкпір-түкпірді тексереміз. Сосын өрт сөндіруге кірісеміз", – деді №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кіші сержанты Мақсат Салихов.
Оқи отырыңыз: Алматыда Медеу ауданындағы №30 мектепте жаңғырту жұмысы басталады