Павлодар және Абай облыстары орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері табиғи өртке қарсы шұғыл қимылдамаған
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4,4 мың гектардан асатын 25 өрт оқиғасы тіркелгенін баяндады.
Премьер-министр әкімдіктердің назарын өрт сөндіру кезінде жедел әрекет етіп, өзара іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың жаңа іс-қимыл алгоритмін енгізу қажеттігіне аударды.
«Өрт сөндіру кезінде шұғыл әрекет етіп, тиісті күштерді жұмылдыру үшін жаңадан мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленген болатын. Алайда биыл Павлодар және Абай облыстарында болған табиғи өрт бұл алгоритмнің орындалмай отырғанын көрсетті.
Мысалы Абай облысында орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері өртке қарсы шұғыл қимылдау былай тұрсын, тіпті Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктеріне өрттің шыққаны туралы тез арада хабар да бермеген. Павлодар облысында да дәл осындай жағдай орын алды.
Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктеріне осы екі өңірдегі өрттің шығу себептерін тексеріп, тиісті шаралар қабылдауды және кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ал орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіретін техникаларды жаңартуға 26 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Қаржы жергілікті бюджет және лизинг есебінен қарастырылады. Жыл басынан бері ведомство мекемелеріне 3,7 миллиард теңгенің техникасы жеткізілген. Ал маусым айының соңына дейін тағы 166 өрт сөндіру көлігімен және 15 трактормен толығады.
«Биыл әкімдіктердің орман шаруашылықтарына құны 26,3 миллиард теңгені құрайтын 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман патрульдік кешенін және 247 трактор сатып алу жоспарланған. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің орман өрт ең көп орын алатын 11 өңірдің орман шаруашылықтарының техникасын жаңартып, оларды 100 процентке жарақтандыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Оқи отырыңыз: Зайсан ауданында қамыс өртеніп жатыр