Министр аталған кабельдің отқа төзімділігін журналистерге көрсету үшін оттықпен күйдірген
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан отқа жанбайтын кабельді таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазэлектромаш» деген үлкен зауытымыз бар, өндірістік компания. Олар құрылысқа, өндірістік компанияларға, теміржолға, әуежайға қажетті мынандай кабельдер шығарады. Бізде Алматыдағы ядролық институт, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық, Еуразия университетіндегі орталық сияқты бірнеше қызық зертхана бар. Еуразия университетіндегі үлкен қондырғы арқылы осы кабельдің физикалық қасиетін өзгертуге мүмкіндік алдық», — деді ол.
«Қазэлектромаштың» тапсырысымен қолға алған жобаның өнімін Өзбекстан бірінші болып сатып алған.
«Қазэлектромаш» компаниясына айтқанымызда, «отқа жанбайтын кабель керек» дегенді айтты. Өйткені өндірістегі өрттердің негізгі себебі — қысқа тұйықталу. Кабельдің сыртқы қабаты балқып, содан от тұтанады. Сондықтан біз отқа салса жанбайтын, бықсымайтын кабель жасап шығардық. Мұндай кабельдердің алғашқы легі экспортқа шығып та үлгерді. «Өзбек темір жолдары» ұлттық компаниясы үлкен тапсырыс берген, қазір осы өнімді қолданып жүр. Одан кейін бізде суыққа арналған, төмен температураға шыдамды, радиацияға төзімді кабельдер бар», — дейді Саясат Нұрбек.
Министр аталған кабельдің отқа төзімділігін журналистерге көрсету үшін оттықпен күйдірген. Әңгімеге қызу кірісіп кеткен Саясат Нұрбек оттықтың шақпағы қызғанын байқамай қалып, саусағын күйдіріп те алды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оқи отырыңыз: Жас ғалым: 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылды