Өз туыстары зорлаған: мүгедектігі бар жігіт жылдар бойы қорлық көріп келген

Полиция күдіктілерден жауап алынғанын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында 24 жастағы мүгекдігі бар жігіт жылдар бойы адам айтқысыз қорлық көрген. Оны өз туыстары мен ауылдастары зорлаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысы Келес ауданындағы ауылдардың бірінде небәрі 100 шақты отбасы тұрады. Сорақысы сол, аядай ғана жерде 24 жастағы мүгедек жігіт 14 жылдан бері зорланып келген. Ал дәрменсіз жанға қорлық көрсеткендер өзінің туыстары мен ауылдастары болып шыққан.

 «Бөтен емес қайнымның 3 баласы. 2011 жылдан бері бір үйдің 3 баласы зорлап келген. Заңмен толық жазаланса деймін. Кешірім жоқ. Мен кешірім бермеймін, – деді Айгүл  (есімі өзгертілді).

Оқиғаны жігіттің анасы баяндап берді. Оның сөзінше, оның мүгедек баласы бас-аяғы 6 еркектен зорлық көрген. Тіпті қылмысқа барғандардың екеуі кәмелет жасына толмаған жасөспірім көрінеді. Ұлымды үлкені де, кішісі де қорлап келген деп әйелдің жан дүниесі қан жылап отыр.

«Мамаңа айтсаң, оны да, сені де өлтіреміз» деп қорқытып келген. Балам қорқақ», – деді Айгүл.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы қылмыс жасады деп күдікке ілінгендердің бостандықта жүргенін айтты. Сондай-ақ істің Қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни «жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркек пен еркектің жыныстық қатынасы» бойынша қозғалғаны мәлім болды.

«Жәбір алған жігіттің денсаулығы қалыпты. Осы оқиға бойынша анасына жауап бергенде кім тиіскенін, қалай, қашан тиіскенін, қай жерде анық-қанық айтып отыр. Бір айдан кейін экспертиза, қорытынды дайын болғаннан кейін әрі қарай тергеу амалдары жүргізіледі, – деді қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гулайхан Тұрсуманова.

Ал полиция күдіктілерден жауап алынғанын айтты. Өзге мәлімет жарияланбады.

«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер 6 жергілікті тұрғынды жеткізіп, жауап алды. Тиісті сараптамалар тағайындалды және жедел тергеу шаралары жалғасып жатыр», – деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Баласының зорланғанын айтып, әділдік іздеген ананың өзі бүгінде қысымға ұшырап отыр. Өзінің сөзіне сенсек, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлеген көрінеді. «Ауылдан кетесің» деп қорқытқан. Алайда ұлының болашағына алаңдаулы әйел істің заң аясында қаралып, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Лаура Бабас, Давран Әбдиев, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Жезқазғанның тұрғындары ауыз суға зәру

Новости партнеров