Өзбекстан Қазақстанға 16 млрд текше метр су жіберетін болды

05.02.2025 16:06

Министрлер мемлекетаралық каналдарда бірлескен жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы уағдаласты

Аlmaty.tv

1 қазанға дейін Өзбекстан Қазақстанға 16 млрд текше метр су жібереді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев екіжақты су ынтымақтастығын тереңдету жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 12-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді.

Тараптар өткен су шаруашылығы маусымында (2023 жылғы қазан – 2024 жылғы қазан) Қазақстанға 15 млрд текше метр су жіберілгенін атап өтті. Осылайша, биыл бұл көлем 1 млрд текше метрге ұлғаяды.

Сондай-ақ өзбек тарапы биыл суару маусымында "Достық" каналы арқылы тұрақты су беруді қамтамасыз етуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, министрлер мемлекетаралық каналдарда бірлескен жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы уағдаласты. Бұл Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Жизақ облысының шаруаларына су беру сапасын жақсартады.

"Кездесуде талқыланған тағы бір тақырып Сырдария өзенінде суды есепке алуды автоматтандыру мәселесі болды. Осыған дейін біз есеп жүйесі орнатылатын алғашқы 10 нүктені анықтадық. Әр елдің аумағында 5 нүктеден. Бүгін біз жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін техникалық тапсырманы келістік. Ақпан айында ортақ іс-қимылды талқылау үшін халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлескен жұмыс тобының кездесуі өтеді",- деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оқи отырыңыз: Таразда 5 гектар аумаққа отырғызылған көшеттер неге қурап қалды