Ақтау әкімінің экс-орынбасары Қазақстанға жеткізіліп, Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалды

27.02.2025 09:46

Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі тарапынан ұсталған

стоп кадр

Қазақстанда аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелегені үшін күдікті Өзбекстанда қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Садвақасов Т.Х.-ны Қазақстанға жеткізілді.

2023 жылдың шілде айында Садвақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған. Аталған мәселені шешу үшін Садвақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған.

Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.

Кейін Садвақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған. Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі тарапынан ұсталған. Соған байланысты оған қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған.

«2025 жылғы 25 ақпанда Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау-өткізу пунктінде ол Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.

Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі.

Аталған іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қарастырылады», - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: 8 наурыз мерекесіне орай 36 мың әйелге біржолғы әлеуметтік төлем беріледі