Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері үш айдан бері жалақыларын ала алмай келеді. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеген өңірдегі 150-ге тарта білім ұясы жалақы түгілі, оқушыларға беретін ыстық тамаққа қаражат таппай отырмыз деп ашынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Анар Әлімбекова Түркістандағы жекеменшік мектептердің бірінде жұмыс істейді. Пәтер жалдап тұратын ол алты баласына тамақ тауып бере алмай отырғанын айтты. Үш айдан бері несиесі де төленбеген.
"Есеп шотымның барлығы бұғатталды. Несиемді төлей алмай жатқаныма да үш айдың көлемі болды. Бала-шағама тамақ тауып беру қиын болып тұр. Уақытылы төлемегеннен кейін пәтерді босатуын сұрап жатыр. Қыста қайда барып тұрамын?" – деді биология пәнінің мұғалімі Анар Әлімбекова.
Анар жұмыс істейтін мектепте 450 бала оқиды. Оларға ай сайын мемлекеттен 48 млн теңге төленіп келген. Ал соңғы екі айда ақша түспеген соң қаржыны мектептің құрылтайшысы қалтасынан шығарған.
"Несие алып, төлеп жатырмыз. Мұғалімдер кетіп жатыр. Балаларға үш мезгіл тамақ береміз. Тасымалдау көлігі бар. Ақша таусылды", – деді мектеп құрылтайшысы Зерек Ешмұратов.
Жауаптылардың сөзінше, бұған дейін өңірдегі 55 мың балаға ай сайын бөлінетін 5 млрд қаржы Білім және ғылым министрлігі тарапынан тікелей төленіп келген. Енді қаржыландыру жүйесі өзгерген көрінеді. Яғни ақша жергілікті басқармаға түсіп, қаржы орталығы арқылы таратылмақ.
"147 мекемені қаржыландыру керек болған, ал жоспар бойынша 92 мекеменің тізімі келді. Тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы он күннің көлемінде мәселені шешу үшін жұмыс жүргізіледі", – деді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Махамбетов.
Қазір жекеменшік мектептердегі 3400 қызметкер айлық алмаған. Жауапты министрліктің оларға қарызы 10 млрд теңгеге жеткен. Енді жаңа ереже бойынша соңғы екі айдың ақшасы төленбек. Сондықтан ұстаздарға айлығын күтуден басқа амал қалмай тұр.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар 18 жастағы баламды зорлаған күдіктіні тауып берсін - анасының жанайқайы