Ақмола облысында балалар отырған автобус аударылып, жаттықтырушы қаза тапты

19.04.2025 11:41

Автобус салонында 14-16 жас аралығындағы 16 бала және жаттықтырушы болған

Artem Makarov / Unsplash

Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жол-көлік апаты «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолында «Мерседес» маркалы шағын автобустың қатысуымен болған.

Алдын ала болжам бойынша, шағын автобустың жүргізушісі жолда келе жатып жүк көлігін озып өтпекші болған уақытта аударылған.

— Автобус салонында 14-16 жас аралығындағы 16 бала және жаттықтырушы болған. Олар жарысқа қатысу үшін Павлодар қаласынан Астана қаласына келе жатқан. Аталған дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалды, қажетті тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, балалар жекеменшік спорт мектебінде жаттыққан. Спорт мектебінің басшылығы өз шәкірттерін жарысқа жіберген уақытта ол туралы полиция қызметкерлеріне ескертпеген. Сәйкесінше жолда патрульдік көлік автобуспен бірге жүрмеген.

Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

 Оқи отырыңыз: Ақмола облысында 500 гектар жайылымдық жер мемлекетке қайтарылды