Пікірталасты доғару қажет – Мемлекет басшысы бірыңғай уақыт белдеуі туралы

14.03.2025 16:26

Президент Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің уәжімен келісетінін жеткізді

Ақорда

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісетінін жеткізді.

«Біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», - деді Қ. Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: Президент салық заңнамасындағы олқылықтарды сынады