Көлік сақтандыру жүйесіне қандай өзгерістер енгізілмек

Қаржы нарығын реттеу агенттігі өзгерістерді ашық талқылау порталына салды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Көлікті сақтандыру құны қымбаттаса, жол апаты кезінде берілетін ақшаның көлемі де өсуі керек". Еліміздің автосарапшылары осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру қызметін жетілдіру үшін, міндетті автосақтандыруда қолданылатын "бонус-малус" жүйесін жақсарту мақсатында нормативтік актілерге түзетулер дайындаған. Тәжірибелі жүргізушілер үшін де көлікті сақтандыру қымбаттайды. Яғни негізгі жүйе 18-санатқа дейін кеңейтілмек. Ал ең төменгі  М2 болады. Мәселен, қазір сіздің полисіңіздегі санатыңыз 7 болып тұрса, енді ол 9-ға дейін көтерілуі мүмкін. Ол сақтандырудың құнын өсіреді. Жүргізушілер мұндай өзгеріске үзілді-кесілді қарсы шықты.  

"Қазір де төлеп аз төлеп жатқан жоқпыз.  Халықты ойлау керек", – деді жүргізуші.  

"Бізбен ешкім санаспайды ғой. "Көтереміз" деді, демек көтереді", – деді көлік жүргізушісі.

Егер сақтандырушының кінәсінен өлім немесе мүгедектік секілді ауыр салдармен жол-көлік оқиғасы болса, оның класы автоматты түрде М2-ге дейін төмендетеді. Сонымен қатар жол ережесін бұзу бойынша коэффиценттер енгізіледі. Жылдамдықты жиі асыру немесе мас күйінде көлік тізгіндеу сияқты заң бұзушылықтар тіркелген кезде сақтанушының класы төмендетіліп, бұл сақтандыру полисінің құнын арттырады. Айтпақшы мұндай өзгерістер каршеринг саласына да енгізілмек.

"Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елінде жүргізушілерді ұқыпты жүргізуге және көлік жүргізу ережелері мен мәдениетін сақтауға ынталандыру үшін қолданылады. Жобада "бонус-малус" жүйесін сақтандырушының немесе сақтандырушының қатысуымен көлік құралының басқарушы еңбек немесе өзге де келісімдер негізінде каршеринг қамту ұсынылады", – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары Серікбосын Төлебеков.

Жаңа өзгеріске сай, Еуропротоколды алға тарту да ұсынылады. Түзетулер жобасында апат жеңіл жолмен рәсімделсе, сақтанушыға сақтандыру ережесі бойынша бір класс жоғары деңгей беріледі делінген. Мысалы 13-класстағы жүргізуші апат жасаса және оны еуропротокол арқылы рәсімдесе, оның класы 7-ге емес, 8-ге дейін төмендейді. Сақтандыру саласындағы өзгеріске қатысты автосарапшы Арман Ашмұханов "Полис құны өссе, жол апаты кезінде берілетін ақша да көп болу керек" деген ойда. 

"Мысалы сақтандыру полисін 60-70 мың болса, төлейтін мөлшерді де көбейту керек. Мысалы көлік оқиғасына ұшырған жанға сақтандыру компаниясы 2 млн 200 мың теңгесін төлейді. Қалған соммасын жүргізушіден талап етеді. Заң бойынша талап дұрыс. Сондай жағдайға ұшырамас үшін сақтандыру полисінің бағасын, төлейтін сомасын да өсіру керек", – деді автосарапшы Арман Ашмұханов  

Бес жылдан астам үздіксіз 13-класста апатсыз жүрген жүргізушіге сыйақы беру де ұсынылады. Оның одан әрі қауіпсіз жүруін ынталандыру мақсатында төмен сақтандыру коэффициенті беріледі. Ал коэффициент қандай болатынын сақтандыру компаниялары шешеді.

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу агенттігі өзгерістерді ашық талқылау порталына салды. Құжат 4 қарашаға дейін қоғам талқысында болады.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында жанармай неге тапшы

 

Новости партнеров