Алматыда Kaspi.kz қолдауымен шағын және орта бизнеске арналған оқу тренингі өтті

04.12.2024 19:15

Іс-шараға қатысқан кәсіпкерлер мен бухгалтерлер кәсіби мамандардан жауап алды

Алматыда қазақстандық Kaspi.kz инновациялық компаниясының қолдауымен шағын және орта бизнеске арналған оқу тренингі өтті. Салық жөніндегі сарапшы Екатерина Ким кәсіпкерлер мен бухгалтерлерге тегін кеңес берді. Бизнес-кездесуде қатысушылар салық салу, салық кодексі бойынша сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан жауап алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық кәсіби бухгалтер Қымбат Лиманова есепшілер үшін үздіксіз даму маңызды деп санайды. Сондықтан түрлі шеберлік сағаттары мен тренингтерден қалмауға тырысады. Маман салық саясаты мен қаржы саласының қыр-сырын іс-шараның бас спикері Екатерина Кимнен меңгергенін айтады.

"Өте маңызды актуальный ақпараттарды айтады. Кәсіпкерлердің мүмкін болатын, жаңағы, айыппұлдарының алдын алу шарттарын көрсетіп береді. Нақты АПБК бойынша қалай жұмыс жасау керек, нақты бізге кәсіпкерлердің миллиондаған штрафқа қалмау жолдарын судебная практика бойынша бізге түсіндіріп айтып береді", - деді кәсіби есепші Қымбат Лиманова.

"Жалпы, бухгалтерлік есеп және салық салу саласында үнемі оқу керек. Өйткені, бұл салада жиі өзгеріс болады. Менің бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан асты. Бірақ біліміңді жетілдіріп отырмасаң, қиындыққа тап боласың. Мұндай кездесулерге жас мамандар да, тәжірибелі есепшілер де келеді", - деді салық кеңесшісі Наталия Янцен.

Шағын және орта бизнеске арналған бизнес-кездесуге 80-ге жуық адам келді. Шеберлік дәрістердің қатысушылары іс-шара туралы әлеуметтік желілерден білген екен. Ал, салық жөніндегі сарапшы Екатерина Кимнің Instagram желісінде тақырыптық блог жүргізіп келе жатқанына 7 жылдан асыпты, маман семинар туралы ақпаратты да сол жерде жариялайды.

"Kaspi.kz қолдауымен біздің ең басты мақсатымыз – бизнес пен билік арасында байланыс орнату.  Қазір біз, тағы да Kaspi.kz қолдауымен, екі апта сайын тегін ашық есік күндерін өткізуді дәстүрге айналдырғымыз келеді. Бұл күндері адамдарға салық есептілігін қалай тапсыру, салық тексерісіне қалай дайындалу, хабарламаларға қалай жауап беру туралы кеңес береміз", - деді салық жөніндегі сарапшы Екатерина Ким.

Kaspi.kz бұған дейін Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қонаев және Қарағанды қалаларындағы шағын және орта бизнеске арналған тренингтер мен Астанадағы ірі Салық форумын қолдаған еді. Бүгінде Kaspi Pay суперқосымшасын 700 мың қазақстандық кәсіпкер пайдаланады. Kaspi Pay қосымшасы арқылы отандық бизнес өкілдері кәсібін дамытуға қаржы алады, төлем қабылдайды әрі жарнамалық кампаниялар жүргізеді, салық төлейді, сондай-ақ Kaspi Магазин және Kaspi Жеткізу қызметтеріне қосылып, өз тауарларын бүкіл ел бойынша сатуға мүмкіндік алады.

Жансая Олжабек, Владислав Иващенко, Мейрам Исабеков, AlmatyTV