Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады - Мемлекет басшысы

28.01.2025 14:04

Президент ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды екенін айтты

Photo by Bailey Alexander on Unsplash

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жұмысшы мамандықтар жылында маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

" Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі.  Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет, − деді Мемлекет басшысы.

Президент ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды екенін айтты.

"Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.  Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек," − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, енді мектептер де ваучерлік тәсілмен қаржыландырылуы мүмкін.