"Отбасы банк" салымшылары мемлекеттік сыйақыдан қағылуы мүмкін. Бұл өзгеріс депозит ашқанына үш жыл толған, ипотекалық несие рәсімдемей, тек мемлекеттік сыйақы алып жүрген қазақстандықтарға ғана қатысты болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Үкіметте баяндама жасаған "Отбасы банк" төрағасы Ләззат Ибрагимова бірқатар жаңалықтың шетін шығарды. Біріншісі, "Наурыз" бағдарламасының шарттарына өзгеріс енгізілмек. Енді қатысушылар құрылыс компанияларынан дайын пәтер сатып ала алады. Ол үшін депозитте бұрынғыдай 1 миллион теңге емес, 2 миллион ақшасы болуы шарт. Сәйкесінше алғашқы жарна да 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайтылмақ.
Айта кетейік, келесі жылы аталған бағдарламаға 300 миллиард теңге бөлінбек.
"30 миллион теңге тұратын дайын пәтердің бастапқы жарнасы 6 миллион теңге емес, 3 миллион болады. Яғни бастапқы жарна 10 пайыз. 19 қарашада 35 миллион теңге тұратын 3 бөлмелі пәтерлерді орналастырдық. Олар – дайын баспаналар. Бұл - Астанада іске асырылып жатқан пилоттық жоба. Мұны құрылыс компаниясы ұсынып отыр", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
"Отбасы банк" басшысы кейбір санаттағы салымшылардың мемлекеттік сыйақыдан айырылатынын айтты. Оның сөзінше, қазір бұл ұсыныс қарастырылып жатыр. Тиісті өзгеріс баспана алуды емес, депозит ашып, мемлекеттен сыйақы алып қалуды ғана көксейтіндерге қатысты болмақ. Ал баспана алу үшін қаражат жинап жүрген жандар үшін бәрі сол күйі қалады.
"Біз мемлекеттік сыйақының әділ үлестірілгенін қалаймыз. Үйлі боламын деп ақшасын жинап жүрген адамдар оны міндетті түрде алады. Біз жұмыс тобымен зерттеу жүргізіп, жеңілдетілген ипотекалық несие алған азаматтарды алып тастауды ұсынып отырмыз. Біз оларды тізімнен шығарып тастадық", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің "келесі жылдан бастап пәтер құны қымбаттай ма?" деген сауалына Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі келесі аптада нақты бағасы белгілі болады деп жауап берді. Айтуынша, қазір тұрғын үйдің бір шаршы метрі қанша болатыны есептеліп жатыр.
"Қазіргі кезде жылымайтын мұлікті бағалау орталығымен бірлесіп 2025 жылғы пәтер бағасын қарастырып отырмыз. Осы жұманың ішінде белгілі болады", – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуандық Қажкенов
Келесі жылы 50 мыңнан аса қазақстандық жалға берілген үйін жекешелендіре алады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспананы бөлу, тіркеу күніне және табыс деңгейіне байланысты іске асырылатынын жеткізді. Ең алдымен, ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік бермек.
Үкіметке келген баяндамашыларды мұқият тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов баспанаға жауаптыларға шүйлігіп, қатқыл мәлімдеме жасады. Үкімет басшысы баспана кезегінде тұрғандардың тізімін түгендеп, бір жүйеге келтіру туралы тапсырмасы әлі орындалмағанын айтты. Премьер-министр баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек деп пәрмен берді.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: "Наурыз" бағдарламасының шарттары өзгереді