Президент Ақтаудағы бірнеше нысанның жұмысымен танысты

18.04.2025 15:43

Қасым-Жомарт Тоқаев BS Arena спорт кешені мен технология паркін аралап көрді

 

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапарында Ақтаудағы бірнеше нысанды аралап көрді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркінің жұмысымен танысты.

Президентке технопарктің заманауи инфрақұрылыммен жасақталғаны жөнінде айтылды. Мұның бәрі стартаптар мен жобалар әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлерді, студенттерді, сондай-ақ оқушыларды қолдауға арналған.

«Мемлекет басшысына инновациялық зертханалар мен шеберханалар таныстырылды. Онда студенттер мен жас мамандар электроника, роботты техника, лазермен кесу, ағаш және металл өңдеу, полиграфия, 3D-дизайн, тігіншілік дағдыларын меңгереді», - делінген хабарламада.

Президент халықаралық бағдарлама бойынша ІТ-мамандарды даярлайтын оқу аймағын және цифрлық әрі телекоммуникациялық құзыреттерді дамытуға бағытталған зертхананы аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесу барысында қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы жастарды келешектің кепілі саналатын сапалы білім алуға шақырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы BS Arena спорт кешеніне барды.

Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысанда халықаралық және республикалық спорт жарыстарын, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге болады.

Мұнда волейбол, баскетбол алаңқайлары, футзал, жабық және ашық теннис корттары, бассейн, жекпе-жек түрлері мен фитнеске арналған залдар, сондай-ақ футбол алаңы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті спортшылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.

Оқи отырыңыз: Президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді