Алматылық Нұртай Чутамбековтің бұл салада жүргеніне биыл 30 жылдан асқан
Бұл саланың қызметкерлері оңай жолды іздемейді. Олардың әр жұмыс күні – шыдамдылықты сынап, батылдыққа бастайды. Мамандардың еңбегінің арқасында күн сайын мыңдаған жолаушы діттеген жеріне аман-есен жетеді екен. Бұл, әрине, теміржолшылардың арқасы. Ал олардың бір күні қалай өтеді? Күн тәртібінде не қамтылады? AlmatyTV тілшісі қызметі құрметке лайық жанның бірімен тілдесіп қайтты.
Алматылық Нұртай Чутамбековтің бұл салада жүргеніне биыл 30 жылдан асқан. Оның айтуынша, кішкентайынан нағыз ер азаматқа лайық жұмысқа қызығыпты. Алғашында қатардағы қызметшілердің бірі болып іске кіріскен ол бүгінде бүтіндей бір ұжымды басқарып отыр. Маман шойын жолды жөндеумен айналысатындарға физикалық күштің аса қажет екенін де айтады.
"Жүк тасымалы, адам тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Негізгі жұмысымыз таңертең сағат 8.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін созылады. Жолдағы шпалдарды ауыстырамыз. Кем-кетік жерлерін реттейміз", - дейді жол жөндеуші Нұртай Чутамбеков.
Сондай-ақ күн сайын сала қызметкерлері теміржолды түзетіп, оларды алмастырумен, вагондарды қажетті жаққа бағыттаумен айналысады. Қауіп пен қатерге толы қызметте олар қателікке жол бермеуге тырысады. Жоғары кернеулі сымдар үзілсе, бірден жалғауға, олқылықтың орнын толтыруға ұмтылады. Сондай-ақ әр қадамды бақылауда ұстауға тырысады.
"27 500 вольттық жүйеге дұрыстап қарау керек. Өйткені оған 2 метр жерден жақындауға болмайды. Сым үзіліп қалса, ол жерден тезірек алып кетуіміз керек. Ол ең қауіпті жұмыстың бірі. Пойыз да қауіпті. Арнайы парк вагонды реттеушілер тоқтатпаса, өздігінен тоқтамайды", - дейді жол жөндеуші Нұртай Чутамбеков.
Қызметкерлер күн сайын медициналық тексерістен де өтеді. Құрал-жабдықтарын сайлап алған соң ғана жұмысқа кіріседі. Маманның сөзінше, олар жол өлшейтін вагондар мен ақау анықтағыш арбаларды қолданады екен. Жұмыскерлер күн сайын Алматы-1 және Алматы-2 бекеттерінің аралығындағы шойын жолды қарап шығады. Олар үшін сапа бірінші орында тұрады. Себебі, жолаушылардың қауіпсіздігі жол жөндеушілердің қызметіне тікелей байланысты.
Рүстем Айткәрім, Әмина Үсенова, Хангелді Ахметханов, AlmatyTV
Оқи отырыңыз: Қазақстанға жеткізілетін жаңажылдық ойыншықтардың сапасы қалай тексеріледі