Имам діни рәсімнен гөрі, маркетингтік науқанға көбірек ұқсайтын ауызашарларды сынға алды
Рамазан айының келуімен бірге елімізде ауызашар беру дәстүрі қыза түседі. Ағайын-туыс пен дос-жаранды шақырып, дастархан жайып, бірге ауыз ашу – қазақы салт пен мұсылмандық әдебімізге сіңген жақсы үрдіс. Алайда соңғы жылдары бұл ізгі амалдың мәні өзгеріп, ауызашар беру сән мен бәсекеге, әлеуметтік желідегі көрсетілімге айналып бара жатқандай. Бұл үрдіс Рамазан айының негізгі құндылықтарына қаншалықты сай? "Ақсай" мешітінің имамы Бақтияр Қасымалиев аузашар мәдениеті туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Іnformburo.kz-ке сілтеме жасап.
Ауызашардың негізгі мәні қандай?
Ауызашар – мұсылмандардың күн батқан соң, оразасын ашып, шүкіршілік ететін сәті. Оның басты мақсаты – адамдардың бірлігі мен бауырмалдығын арттыру, мұқтаж жандарға жәрдем беру және рухани тазару.
"Ауызашар берудің сауабы мен әдебі – айлардың сұлтаны Рамазан айында Алла Тағаланың пенделеріне нәсіп еткен шексіз мейірімінің бір айғағы. Бұл айда Аллаға мойынұсынған жұмыр басты пенделерге сауап жинауға өте көп мүмкіндік берілген. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: "Мұсылмандар үшін бұл айдан қайырлы ай жоқ", – дейді. Міне, осы хадисте айтылғандай, Рамазан айында шексіз мейрімді Жаратушы Жаппар Иеміз жасалған игі істердің сауабын еселеп беріп, Өзінің жомарттық сипатын айдай әлемге паш етеді", – деді имам Бақтияр Қасымалиев.
Ауызашар дастарханы қандай болуы керек?
Қазіргі қоғамда ауызашар өткізу мәдениетінде екі түрлі көзқарас қалыптасқанын байқаймыз. Бірі – қарапайым түрде дастархан жайып, ораза ұстаған жандарға шын жүректен қызмет ету болса, екіншісі – мейрамханаларда үлкен кештер ұйымдастырып, блогерлерді шақырып, әлеуметтік желілерде жарыса бөлісу.
Кейбір жағдайларда бұл үрдіс діни рәсімнен гөрі маркетингтік науқанға көбірек ұқсайды. Адамдар ауызашарды сауап үшін емес, танымал болу немесе бедел жинау үшін өткізетіндей көрінеді.
Алайда имам ауызашар беру үшін ас та төк дастархан жаю міндетті емес екенін айтады.
"Рамазан айы келісімен көбіміз ауызашар беруге асығамыз. Ауызашар беру – өте үлкен сауап. Жолда кетіп бара жатып, кез-келген аузы берік адамға бір дана құрма берген адам ауызашар беру сауабына қауышады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берген адамның күнәлары кешіріліп, сол ораза ұстаған адамның алған сауабындай сауап алатынын айтқанда сахабалардың кейбірі бір адамға да ауызашар беретіндей жағдайы жоқ екенін айтқан екен. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де осы сауап жазылады", – деп жауап берген (Бәйһақи). Тағы бір хадисте: "Ауыз бекіткендер тамақ жеп отырған уақытта тойғанға дейін ауызашар берген адамға игілік тілеп тұрады" делінген. Міне, бұл хадистерден байқағанымыздай, ауызашарда дастарханның аста төк болуы міндетті емес, әркім жағдайына қарай берсе болады. Ең бастысы Алланың разылығын алу ниеті болса болғаны", – дейді имам.
Оқи отырыңыз: Рамазан – нұр шашқан ай: Алматыда мешіттер арасында байқау жарияланды