Семейдегі жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасы: министрлік видеоны таратпауға шақырды

Jonas Leupe / Unsplash
Jonas Leupe / Unsplash

Мұндай әрекеттер баланың психологиялық жарақатын тереңдете түседі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Семей қаласында жасөспірімдердің кәмелетке толмаған балаға күш көрсеткені түсірілген бейнежазба кеңінен таралуда. Осы орайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайды одан әрі ушықтырмау және балаға қосымша моральдық зиян келтірмеу үшін аталған бейнематериалды таратуды тоқтатуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Комитет өкілдері хабарлағандай, ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – кейбір блогерлер зардап шеккен баланың фотосуреттерін жариялауда. Мұндай әрекеттер баланың психологиялық жарақатын тереңдете түседі.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аталған жағдайды алғашқы күннен бастап қатаң бақылауда ұстап отыр. Кінәлілер жауапкершілікке тартылды. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл жұмыс істеуде. Барлық кәмелетке толмаған азаматтардың құқықтары мемлекеттік деңгейде қорғалған және кепілдендірілген», - делінген хабарламада.

Еске саламыз, ҚР «Масс-медиа туралы» заңының 14-бабы, 5-тармағына сәйкес, зардап шеккен балалардың жеке басына қатысты және биометриялық деректерін, оның ішінде олардың фотосуреттері мен жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты таратуға тыйым салынады.

БАҚ өкілдері мен қоғамды баланың психологиялық жай-күйіне зиян келтіруі мүмкін материалдарды жариялаудан бас тартуға шақырамыз. Балалардың құқықтары әрдайым басты назарда болуы керек, ал ақпараттық ресурстар бұл құқықтарды қорғауға ықпал етуі қажет, керісінше, жағдайды күрделендірмеуі тиіс.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ жасөспірімнің баланы ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео пайда болған еді. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Ал жәбір көрген жасөспірімнің өзі мамандандырылған орталықта мамандардың бақылауына алынған.

Оқи отырыңыз: 2 жасар баланың асқазанынан 105 түйір магниттік моншақ шықты

Новости партнеров