Бұл туралы «Adam Research» компаниясының бейресми жұмыспен қамту бойынша жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелерінде белгілі болған
Елімізде әр алтыншы азамат еңбек шартынсыз жұмыс істейді. Бұл туралы «Adam Research» компаниясының бейресми жұмыспен қамту бойынша жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелерінде белгілі болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған зерттеуде заңсыз жұмыс істеуге келіскен азаматтар арасында сауалнама жүргізіліп, мұндай құбылыстың қай салаларда жиі кездесетіні және оларды аталған еңбек жағдайларына итермелейтін негізгі себептер анықталған. Көрсеткіш әсіресе жастар арасында өте жоғары. Мәселен 18 бен 24 жас аралығындағы жұмыс істейтін жастардың әр бесіншісі заңсыз жұмысқа тартылған. Ал 25 пен 34 жастағылар арасында еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндердің үлесі – 13,8 пайызға жеткен. Бейресми жұмысты жөн көретіндердің басым бөлігі орта мен арнайы орта білімі бар азаматтар.
Ал келісімшартсыз қызметкерлер кәсіптің қай салаларында жиі кездеседі десеңіз, көш басында қоғамдық тамақтану, сауда-саттық және ауыл шаруашылығы тұр. Себебі бұл секторлар белгілі білімді аса қажет етпейді деген түсінік бар. Сондай-ақ соңғы үш жылда басқа аймақтан көшіп келген азаматтардың 24,9 пайызы еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндер қатарында жиі кездеседі. Мұндайда қызметкерді құжат рәсімдемей жұмысқа жеккісі келетін компаниялардың әкімшілік жауапқа тартылатынын ұмытпаған жөн.
"ҚР Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен қызметкердің арасы тек ғана жазбаша түрде келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Ол қоғамдық қатынастар тек ғана жазбаша түрде реттелуі тиіс. Егер бұл еңбек шарты сақталмаған жағдайда, яғни жасалмай, жұмыс беруші қызметкерді алатын болса, онда ҚР ӘҚБТК-ның 86-бабында көзделген жазалар қолданылады. Егер сізбен еңбек шарты жасалмай, бірақ жұмыс беруші сізге бір нақты жұмысты көрсетіп, сосын барып сізбен еңбек шартына отырамын десе, ол жазбаша түрде еңбек шартымен жасалуы тиіс. Қазақстан Республикасында сынақ мерзімінен өту үшін еңбек шарты жасалуы тиіс және ол ақылы түрде болуы керек", – деді заңгер Бағдат Амандосұлы.
Төмен табыстылар еңбек шарты жасалмайтын жұмысқа жиі жегіледі. Мысалы айлық табысы 100 мың теңгеден аспайтын жұмысшылардың 20,8 пайызы, ал 100 мың мен 200 мың теңге аралығында табыс табатындардың 23,1 пайызы заңсыз жұмыс істейді. Табысы жоғарылаған сайын бейресми жұмыспен қамтылғандардың үлесі төмендей түседі. Мысалы 400 мың мен 599 мың теңге табыс табатындар арасында заңсыз жұмыспен қамтылғандар үлесі – 11,5 пайыз, ал 600 мың теңгеден асатын табысы барлардың үлесі – бар болғаны 9,9 пайыз. Осылайша, жоғары табыс көлемі заңсыз жұмыс істейтіндердің қатарын сейілтуге ықпал етеді.
Қазақстанда ауызша келісім арқылы жұмысқа орналасу факторы ең көп кездесетін аймаққа халық саны тығыз орналасқан оңтүстік өңірлер кіреді. 2023 жылы Түркістан облысында олардың саны 139,6 мың адам, Алматы облысында 132,6 мың, ал Жамбыл облысында 117,4 мың адамға жеткен. Ең аз көрсеткіштер батыс өңірлерде байқалған. Маңғыстау облысында 10 мың адам, Атырау облысында 20,2 мың азамат бейресми жұмыспен қамтылған.
Қоса кетейік, бейресми еңбекпен айналысатындар өздерін үлкен қауіп-қатерге душар етеді. Оған еліміздегі өндірістік жарақат алу деңгейінің жоғары болуы да әсер етіп отыр. Мәселен 2023 жылы өндірісте қаза тапқандар саны 100 мың жұмысшыға шаққанда 6,2 адамға жеткен. Ал жарақат алғандар 57,4 адам. Егер азамат ресми түрде жұмысқа тұрмаған болса, өндірістік жарақат немесе төтенше жағдай кезінде ол еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының көмегін ала алмайды. Ал қайғылы оқиға болған жағдайда марқұмның отбасы жұмыс берушіден және сақтандыру қорынан өтемақы талап ету құқығынан айырылады. Сонымен қатар келісімшартсыз жұмыс істейтін әйелдер бала күтіміне арналған жәрдемақыдан қағылады. Ең бастысы, бейнеттің зейнетін көретін шықта зейнетақы төлемдері төленбейді. Бүгінде бұл мәселе еңбек нарығындағы маңызды проблемаларының бірі болып отыр. Мамандар бейресми жұмыспен қамту әлеуметтік қорғаудың төмен деңгейі мен экономикалық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екенін ескертеді
Оқи отырыңыз: Алматыда азаматтық қоғам ұйымдарының мәселелері талқылануда