Шексіз мүмкіндік: тараздық зағип жан 1800-ге жуық кітап басып шығарды

17.02.2025 16:24

Алпысты алқымдаған Ербол Бегімов 30 жыл бұрын көру қабілетінен айырылған

Тараздық зағип жан өзге де көзі көрмейтін азаматтарды компьютерге баулып, ұялы телефон қолдануды үйретіп жүр. Аймақта брайль баспасын қолға алып 1800-ге жуық кітап басқан. Бүгінде Ербол Бегімов мектеп-интернатта сабақ береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алпысты алқымдаған Ербол Бегімов 30 жыл бұрын көру қабілетінен айырылған. Кейіпкер бастапқыда мұндай сынаққа төзу қиын болғанын айтты. Дегенмен әр жерде жұмыс істеп, бірде кітапханаға жолы түседі. Сонда зағиптарға арналған брайль қарпі барын біліп, тез арада меңгерген. 44 жасында облыстық кітапханаға орналасып, тифлокешенді меңгеріп алған.

"Түрлі жағдайда немесе туа бітті көрмейтін адамдар ешқандай қиындықтарға қарамай, брайль жүйесін жазу, оқу әдісін үйренуге болады. Сабырлық, шыдамдылық керек. Жұмысқа орналасып, отбасын асырайды, өзіне сенім пайда болады", – деді Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметішісі Ербол Бегімов. 

Ербол Бегімов көру қабілетінен айырылған балаларға арналған мектеп интернатта да ұстаздық етеді. Ол оқушыларға компьютерде жұмыс істеп, ұялы телефонды күнделікті өмірде қолдануды үйретіп жүр. Сонымен қоса кітапханаға келіп, әріп тануға ниет білдірген мүгедектігі бар жандарға брайль қарпімен оқуды үйретеді.

"Мен сияқты кітапханада, басқа жерде жұмыс істейтін адамдар үшін компьютер көп мүмкіндік береді. Құжаттарды, есептерді жазып, сақтап, көзі көретін адамдармен бір деңгейде көрсете аламыз. Яғни шектеуді өзіміз алып тастаймыз"– деді Меркі ауданының тұрғыны Мария Нисонова.

Кейіпкеріміз 2008 жылдан бері баспа саласында қызмет етіп келеді. Айрықша айтарлығы, ол алғаш болып өңірде брайль баспасының негізін қалаған. Бүгінде 1800-ге жуық әдеби туындылар мен оқулықтарды аталған жүйеге аударған.

"Жамбыл облысында Ербол Аққайұлыбрайль қарпінде кітаптарды шығарады. Кітапханаға сіңіріп жатқан еңбегі өте зор, зағип жандарға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді", – деді Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Толқын Күзенова.

Ербол Аққайұлы әлі де баспа саласына еңбек етіп, мүгедектігі бар жандарға мол мүмкіндік сыйлауға ниетті. Аймақта жанарынан айырылғандар арасында оқырмандар көбейіп келеді. Бүгінде 300-ге жуық тұрғын тұрақты оқырман атанса, мыңға жуық азамат аудио кітаптарды онлайн оқиды.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан