Уақытша ұстау изоляторынан тараған видео бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр
Алматы облысының полициясы уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап жатқан видеоға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша ұсталғандар уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап жатқаны туралы видео пайда болды.
— Уақытша ұстау изоляторынан тараған видео бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды, - деп хабарлады өңір полициясынан.
Осыған дейін Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс сотқа қашан жолданатыны айтылған болатын.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жасар жасөпірім қайтыс болған.
Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
15 қазанда Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.
Былтыр желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Кейін Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай ұсталған болатын.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында белгісіз біреулер бірнеше үйді су астында қалдырған