Шерзат Полат ісі: Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды

28.04.2025 15:53

Сот отырысында бұған дейін судья да куәнің екіұшты жауап бергенін атап өткен

Берілген жауаптар бір-бірімен сәйкеспейді. Кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісіне қатысты бүгінгі сот отырысында куәгер Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірінші хаттамада «cотталушы Абзал Шынасылдың қолынан Шерзатты ұрған суық қаруды көрдім» деген Нұрбекова қазір есінде ештеңе жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол бұған дейін «байланыс болмағандықтан, оқиға орнында жедел жәрдем шақыра алмадым» деген. Ал қазір куәгер «қолымда ұялы телефон болмады» деп мәлімдеп отыр. Эльмира Нұрбекова бұл әрекетін «екі күн бойы жүзден аса адам тергегендіктен, не айтып, не қойғаным есімде жоқ» деп түсіндірді.

Айта кетейік, сот отырысында бұған дейін судья да куәнің екіұшты жауап бергенін атап өткен.

 «5 қазанда нақты айтылған пышақтың сұғылғаны, қай жерден сұғылған. Анасының «баламды өлтіріп жатыр» дегенін де егжей-тегжейлі айтып берген. Қазір енді «мен шок болдым» дегені бізге күмән тудырды. Мен әдейі оқыдым ғой, бір беттің жоғары жағындағы нақты айтылған жауаптарды қуаттайды да, екінші абзацта шокқа түсіп қалады. Бұл мүмкін емес. Қазіргі таңда ол бір емес, бірнеше рет өзінің берген жауабынан басқаша жауап беріп жатыр», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.

Оқи отырыңыз: Ақтауда тұрғындар 8 миллиард теңгеге жуық қаражатынан айырылып қалды