Шерзат Полат ісі: судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты

17.04.2025 12:55

Шерзат Полатқа қатысты іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісіне қатысты негізгі сот отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Процесс 40 минутқа кешіктірілді. Оған айыпталушы тараптағы қорғаушының процесске кешігіп келуі себеп. Ал істі қарап жатқан Алматы облысының судьясы Ержан Жанұзақов кешіккен адвокатқа ескерту жасап, мұндай әрекет қайталанса, маманның жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, аталған іс бойынша 9 айыпталушы бар. Оның ішінде бір жасөспірім ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін жазықты. Мәліметке сәйкес, айыпталушылардың төртеуі бұрын істі болған екен.

Абзал Шынасыл — адам өлтіру және бұзақылық жасағаны үшін айыпталып отыр.Равиль Сақиев — кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша айыпталды. Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ильясов, Нұрбол Тоқтаубаев мен Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — бұзақылық бойынша айыпталып жатыр.Ал кәмелетке толмаған Думан Ысқақ — ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталып отыр. 

Басты күдіктілердің бірі ретінде танылған Абзал Шынасыл айыптау актісінің көшірмесін қолына алғанын жеткізді.

«Мен айыптау актісін алдым. Алайда сотқа жартылай дайынмын, толық дайын емеспін», – деді Абзал Шынасыл.

Оның айтуынша, қорғаушысы сот кезінде ғана іске араласқанын айтты. Ал адвокат Абзал Шынасыл тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізді.

Сондай-ақ кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша айыпталып отырған Равиль Сақиев та сот отырысына дайын еместігін айтты.

Сот процессінің ортасында марқұм Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишембиеваның денсаулығы сыр бергенін айтып, соттан сыртқа сұранды.

«Далада, астында жедел-жәрдем күтіп тұр» деген анасы сот процессін жалғастыра беруге рұқсат берді.

Сот отырысы барысында прокурор айыптау актісін оқып, Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр 3-інен 4 қазанға қараған түні болған төбелес кезінде қандай жарақат алғанын айтты.

«2024 жылдың 11 қазанда № 447-24-17 сот медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Ғайыпбаевтың атына берілген медициналық құжаттардың деректері бойынша жабық ми жарақаты, бас мидың шайқалуы диагноз қойылған. Басты желке бөлігінің қанталауы, кеуде мүшелерінің жабық жарақаты, оң жақтағы бөкседегі бірнеше сұғылған-кесілген жара, бет, маңдай, шынтақ, тізенің көгеруі түріндегі дене жарақаттары анықталды», — деді мемлекеттік айыптаушы.

Сондай-ақ бүгін екі тараптың қорғаушылары мен жәбірленушілері сотты Алматыда өткізуге немесе онлайн қатысуға өтініш білдірді. Бірақ судья бұл ұсынысты қанағаттандырмады

«Жазбаша қаулы шығаруды сұрадым. Жазбаша берсе, шағым жасауға мүмкіндігіміз бар. Сот ол жағынан ешқандай түсініктеме берген жоқ. Онлайн қатсудан бас тартты. Алматы қаласына қылмыстық істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Қарасай ауданындағы ғимаратқа өткізуге бас тартты», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.

Шерзаттың әжесі де қан қысымы көтерілетінін жеткізіп, судьядан сотты көшіруді өтінді.

Судья Ержан Жанұзақов оған сот процесіне қатысудан босату туралы өтініш жазуға болатынын айтты.

«Алты адвокат бар. Егер бір-екеуіңіз қатыса алмасаңыздар да, сотты жалғастыра береміз. Онлайн қатысуға мүмкіндік жоқ, өйткені трансляция жүріп жатыр. Онлайнда сіздердің дауыстарыңыз естілмей қалуы мүмкін немесе техникалық ақаулар туындауы ықтимал», — деді Ержан Жанұзақов. 

Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.

Еске салайық, Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді. Сондай-ақ сот отырысында айыпталушылар алқабилер сотынан бас тартты.