Қылмыстық іс 62 томнан тұрады
Талғарда кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Полиция мәліметінше, екі тарап қылмыстық іс материалдарымен толық танысып шыққан, деп хабарайды Almaty.tv.
Іс одан әрі сотқа жіберу мақсатымен прокурорға жолданды. Тергеу барысында 8 бейнематериал зерттеліп, 40 сот сараптамасы жүргізілген. Одан бөлек, 200-ге тарта куәгерден жауап алынды. Барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексеріліп, процесс қатысушылары арасында беттестірулер де өткізілген. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Оның ішіне сараптама қорытындылары, жиналған дәлелдемелер мен жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар кірді. Ал тергеудің барысы мен қатысушылардың құқықтарының сақталуы прокуратураның бақылауында болған.
Еске салайын, 16 жастағы Шерзат Полат былтыр 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында кісі қолынан қаза болған еді. Бұл іс бойынша полиция 11 адамды ұстады.