Шерзаттың жүрегі жолда тоқтағаннын білдім: Қаржаубай Нұрымов ұлының көлікте жан тапсырғанын айтты

18.04.2025 19:36

Жәбірленуші тарап атап көрсеткен қос қыздың бірі айыпталушылармен оқиғадан екі күн бұрын ғана танысқанын алға тартты

«Шерзатты көлікке отырғызғанымда, ол тірі еді. Ал ауруханаға барар жолда жүрек соғысының тоқтағанын білдім». Осылай деген Қаржаубай Нұрымов бүгінгі сот отырысында қайғылы оқиғаның жай-жапсарын баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол баласының бұған дейін айтылғандай ауруханада емес, көлік ішінде көз жұмғанын мәлімдеп отыр. Ал полиция мен жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалынғанымен, жауап болмаған.

«Ұлым көз алдымда жан тапсырды» деген әке сол қаралы күні дүкен ішінде төбелес басталмай тұрып, қарсы тараптан бірнеше мәрте кешірім сұрағанын айтты. Тіпті қалауларынша көмек беремін деп, ақша ұсынғанымен айыпталушылардың бірі кешірмейтінін, «Шерзаттың тиісінше жауап беретінін» жеткізген. «Кейіннен бірте-бірте дүкен маңына өзге жігіттер жиналды»,- деген жәбірленуші төбелесте кімнің қандай әрекетке барғанын айтып берді.

 «Есіктің алдына шыққан кезде Дархан ішіп тұрған пивосымен бетімнен ұрды. Мен есеңгіреген кезімде артымнан Азамат дүкеннің сыртын қалап жатқандағы кірпішпен жауырынымнан ұрды. Құлап бара жатқанда Шыңғыс пышақпен қуып келді, пышақтың ұшы жауырыныма тиді. Құлап қалдым, құлағанда мылтықтың даусы шықты. Мен кім атты, қалай атты, нақты көргем жоқ. Сол кезде мен жас балаларға «қашыңдар» дедім. Қарасам, мамам жүр екен, Шерзаттың анасы жүр екен», – деді марқұм Ш. Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов.

Талдықорғанда өткен сот талқылауының бірінші бөлімінде марқұм Шерзаттың әжесі мен анасы да сұрақ-жауапқа қатысты. Оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан Жұмабике Қадырова дәл сол күні дүкен маңында шамамен 15 адам болды деп отыр. Кейуана олардың үш көлікке қысыла отырып кеткенін де көрген. Жәбірленуші сондай-ақ қайғылы жайт болғанда көзге түскен екі қыздың өзіне «Неге жедел жәрдем шақырмайсың?» дегенін айтты. Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембиева да аталған азаматтарға қатысты мынадай дерек айтты.

 «Сол кезде олар тас лақтырды. Қолдарында телефонды көріп, оларға «жедел-жәрде, полиция шақырыңдар» дедім. Олар шақырмады», – деді марқұм Ш. Полаттың анасы Гүлбара Бишембиева.

Қоса кетейік, бүгінгі процессте Қаржаубай Нұрымов та аталған екі қыздың бұл істе тек куә екеніне күмәнмен қарайтынын айтқан.

 

 «Мәселе анықталып жатыр. «Тас лақтырды» деп қызға қатысты айтылды. Бірақ тергеу барысында ол айтылмаған, жауап алынбаған. Сондықтан кез келген уақытта өтініш хат түсіре аламыз. Күдіктілерге қатысты келіспейтін түсін айттық, ол әлі зерттеледі. Көріп жатсыздар, кейбіреулері түсініктемелерін өзгертіп жатыр. Соған қатысты дайындаламыз», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.

Жәбірленуші тарап атап көрсеткен қос қыздың бірі айыпталушылармен оқиғадан екі күн бұрын ғана танысқанын алға тартты. Іске қатысты түсінік берген ол жедел жәрдем шақырмауының себебін «шошынып қалдым» деп түсіндірді. Айта кетейік, негізгі сот тыңдалымында Нұрымовтардан бөлек, оқиға орнында болған Шерзаттың досынан да жауап алынған.

Еске салайық, Қаржаубай Нұрымов оқиғаның қалай басталғанын айтты

Шерзаттың анасы оқиғанын қалай болғанын айтты 

Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты

Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.

Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді

Мадина Оқас, Мирас Анитов, Талдықорғаннан