Олар Қызылорда-Жезқазған бағытындағы жолды салуға қатысқан
Қызылорда облысында шетелдік компанияға жалданып жұмыс істеген азаматтар үш айдан бері еңбек ақы ала алмай келеді. Ал компания өкілдері «мәселені шешуге тырысып жатырмыз» деуден әрі аспай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еңбегі елеусіз қалған жүргізушілер бұған дейін Қызылорда-Жезқазған бағытындағы жолды салуға қатысқан. Қазір жұмыс екінші кезеңде. Ал қара терге түсіп, қанша еңбек етсе де, ақы ала алмай жүрген азаматтар 200-ге тарта ауыр техникамен шетелдік компанияға жалданып, құрылыс материалдарын тасыған.
«Лунзянь» компаниясында жол басталғалы жұмыс жасап келе жатырмыз. Тас тасумен айналысамыз. Ақшаны үш айдан бері бермеді. Барлығымыздың отбасымыз, бала-шағамыз бар. КамАЗ-ды жүргізу үшін де ақша керек. Бір өзіме 3 млн теңге қарыз», – деді көлік жүргізушісі Серік Пернешов.
«200-ге жуық жүргізуші бар. Үш ай жалақы берілмеді. «Беретін ақшамыз жоқ» депті. «Қазақавтожолдың» басшылары «Лунзянға» қарыз емеспіз дейді. Кредитімізді кредит алып жауып отырмыз. Әр камаздың артында 2-3 семья бар», – деді көлік жүргізушісі Мұхамеджан Ахметов.
Көлік жүргізушілері бұған дейін қанша шырылдағанымен мердігер компанияның өкілдері «мәселені шешуге тырысамыз» дегеннен әрі аспапты. Әзірге мекеме тарапынан мардымды жауап жоқ.
«Қытайдағы негізгі офисте ақша жіберілуі керек еді. Олар да бере алмай отыр. Жүргізушілердің жалақылары сондықтан кешігіп жатыр. Шыны керек, өзіміз де асыға күтіп отырмыз. Біз мұнда жобаны атқару үшін келдік. Барынша мәселені шешуге тырысып жатырмыз», – деді шетелдік компанияның өкілі Ван Ю Э Вен.
Ал «Қазавтожол» мекемесінің өкілдері «аталған шетелдік компания алдында берешегіміз жоқ» дейді. Тіпті мердігерлер салған жолдың кейбір бөлігі қабылданып үлгермеген көрінеді. Сондықтан елеусіз еңбекке қатысты дау әлі басы ашық күйінде қалмақ.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Шаһар шөгіп кете ме: Кентауда тұрғын үйлерге қауіп төне бастады