Сот қаулысы заңды күшіне енді
Прокурордың өтініші бойынша компанияға шетелге қаражатты заңсыз шығарғаны үшін 150 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңғыстау облыстық прокуратурасының мәліметінше, Ақтау қаласының прокуратурасы ҚР 1,8 млн АҚШ долларын валюталық заңнаманың талаптарын бұза отырып шетелге шығарған «Б» компаниясына қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулысына өтінішхат келтірді.
Прокурордың өтінішін қарау нәтижесінде облыстық сот алқасы бұрын қабылданған шешімнің күшін жойып, компанияны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот валюталық түсімді уақтылы репатриацияламағаны үшін компанияға 153 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
«Қабылданған шешім валюталық операцияларды реттейтін заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтау маңыздылығын растайды және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған. Прокуратура заңдылықтың сақталуын қадағалау және елдің экономикалық қауіпсіздігін қорғау бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастырады» деді Маңғыстау облыстық прокуратурасы.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында сот залынан қашып кеткен күдікті ұсталды