Түркістан облысында 6 жасар қыздың асқазанынан 1 келі шаш шықты

30.01.2025 11:37

Анасының айтуынша, баланың ауырғанына 1 ай болған

Пресс-служба акимата Туркестанской области

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері 6 жасар қыз баланың асқазанына күрделі ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асқазанда өте үлкен мөлшердегі бөгде заттар анықталған пациент шұғыл түрде Түркістан каласынан Облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Сол мезетте асқазанға ЭФГДС процедурасын жасау арқылы бөгде зат анықталып, күрделі ота жасалды.

"Ота кезінде дәрігерлер бүлдіршіннің асқазанынан ұйысып қалған бір уыс шаш алып шықты. Асқазаннан шыққан шаштың салмағы бір келіге жуық. Ота сәтті өтіп, емделуші бір күннен кейін палатаға ауыстырылды. Бір аптаға жуық ауруханада ем алған қыз баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды", - делінген хабарламада.

Анасының айтуынша, баланың ауырғанына 1 ай болған. Ол асқазан аймағының ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің болмауына, салмағының төмендеуіне шағымданған.

"Отаның ұзақтығы бір сағатқа созылды. Ота өте сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі", - деді Облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында алаяқтар мүгедек қыздың атына несие ресімдеген