Штатта бар, санатта жоқ: Жетісу облысында "қызметкерлер" жалақы алып келген

Ал 10 млн теңге жинап, мәдениет үйін салған ауыл азаматтары нысанды заңдастырамай жүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында штатта  бар, бірақ санатта жоқ мәдениет қызметкерлері айлық алып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындар "Кеңғарын ауылындағы мәдениет ошағынан ән әуелеп, күй күмбірлеп, Алматыдан шығармашылық ұжымдар жиі келіп тұратын" дейді. Он шақты жылдан бері сол думанды күндер көзден бұлбұл ұшқан. Бірақ жауапты мамандар есебінде әлі де ауылдың мәдени өмірі қыз-қыз қайнап  жатқан көрінеді.

"Бейбіт деген кісі балалармен келіп суретке түседі. Басында мән бермедік. Ол кісі ауданға «Қарагөзде, Кеңғарында да концерт қойдым» деп фото есеп ретінде жіберген, инстаграмм парақшасында бар. Ешқандай да концерт қойылған жоқ. 2008 жылдан бері концерт ұйымдастырылмаған", – деді Кеңғарын ауылының тұрғыны Жанар Қасенова.

Ауылдағы мәдени нысанға 2017 жылы қара құлып салынған. Кеңес заманында пайдалануға берілген нысан апатты деп танылған. Содан бері тұрғындар ғимараттың құлағалы тұрғанын айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ аудан әкімі  мәдени нысан жоқ болғанымен, балалар үйірмелерге қатысып, мәдени іс шаралар уақытылы өтіп жатқанын айтты. Ал штаттағы маман ауыл тұрғындарымен тіл табыса алмағандықтан жұмыс істемей отырғанын мойындады. 

"Наурыз тойы, жаңа жыл сияқты ауқымды халық жиналатын кезде екі ауылға бірдей істедім. Бір жылы "Бейбіт ел сізді жақсы көрмейді" деді. Мектеп директоры да келмеуімді сұрады. "Маған ренжімеңдер, әйтеуір іс-шара өтпей қалмасын" дедім. Ол жаққа барған жоқпын. Қарагөзде іс-шараларды бәрін өткізіп жатырмын", – деді Қарагөз ауылдық округінің мәдени қызметкері Бейбіт Танысбек.

"Екі ауылда да  іс шара жүргізуге міндетті. Ол баруы керек. Арыз жазды, тексеріс жүргіземіз. Мәдениет қызметкердің үстінен арыз жазған жоқ, Мәдениет үйін заңдастырып беруді сұрап отыр. Тексеріс ұйымдастырып, мәселені анықтаймыз", – деді Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев

Ауыл азаматтары бірігіп мәдениет үйін салған. Зейнеткерден бастап кәсіпкерге дейін шамамен 10 млн теңге жинаған. Мемлекетке алақан жаймай, өз күшімен тұрғызған нысанға заңды құжат рәсімдей алмай жүр.

"Іргетасынан бастап, арматурасын салып, әр 3 метр сайын бағана қойып, жер сілкінісіне кездегі қауіптің алдын алып, орнаттық. Әлі де жұмыс бар, күн жылынса, жалғастырамыз. Мәдениет үйі болмаса, орны үңірейіп тұрады, ол ауылдың – жүрегі", – деді Кеңғарын ауылының тұрғыны Бекболат Тұрысбаев

Мәдениет ошағына заңды құжат ала алмай, шешімін таба алмай жүрген Кеңқарындықтардың бас ауруы  басшылардың ауысқаны болып тұр. Кеткен әкім құрылысты құптағанмен жаңа басшы ауыл тұрғындары тұрғызған нысанды заңдастырмайтынын айтты. Тайлы тұяғымен теңге-тиынын жиған халық әкімдіктегілердің әрекетсіздігіне қапалы.  

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Батыс Түрік қағанаты халқы да тоғызқұмалақ ойнаған ба

Новости партнеров