Қызғалдақ – Шымкенттің табиғи брендіне айналған
Шымкент күн сайын гүлденіп, көркейіп келе жатыр. Қаланың бүгінгі келбеті көңіл қуантады. Биыл үшінші мегаполисте 1 млн 200 мың түп қызғалдақ егілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызғалдақ – Шымкенттің табиғи брендіне айналған. Мегаполистің 40 мың шаршы метр аумағы осы көктем гүлімен көмкерілген. Қазір қаланың орталық көшелері мен саябақтары, гүлзарлары мен демалыс орындары қызылды-жасылды реңкке боялған
«Шымкенттің қызғалдақтары ерекше ғой. Көктем басталды, Шымкент қызғалдаққа, гүлдерге толады», – деді қала тұрғыны Иззат Миралиев.
«Қызғалдақтар ашылған сәттен бастап қаламыз мүлдем басқаша кейіпке ене бастады. Көктемде көшеміз өте әдемі болып көркейе түсті», – деді қала тұрғыны Сабина Анарбек.
Қызғалдақтардың 700 мыңнан астамы кәсіпкерлер есебінен әкелінген. Ал маусымдық гүлдер солған соң, орнына көпжылдық, жапырағын төгіп тұратын өсімдіктер егіледі.
«Осы гүлдердің гүлдену уақыты аяқталғаннан кейін, осы 40 мың шаршы метр аумаққа жаңадан басқа бір жылдық 1,3 млн дана гүл егу жоспарланып жатыр», – деді Жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Нұрқожа Сапарбай.
Сонымен қатар биыл қалада 220 мың түп ағылшын және француз раушан гүлдері егілді. Соңғы 10 жылда егілмей кеткен шынар, гуджум секілді ағаштар да қайта отырғызылды.
Лаура Бабас, Давран Әбдиев, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Биыл шаруаларға 700 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие бөлінді