Жәбірленушінің әпкесі жантүршігерлік оқиғаның мән-жайын айтып берді
Шымкентте бұрынғы күйеуінің жауыздық әрекетінен зардап шеккен әйелдің әпкесі болған жайтқа қатысты тың деректерді мәлім етті. Ол ер адамның бұрынғы әйеліне аңдып жүріп шабуыл жасағанын, соққыға жығып, артынша әйелдің мойын тұсына бірнеше рет пышақ сұққанын айта келе, шабуыл жасаушының жанында сол уақытта тағы бір адам болғанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оtyrar телеарнасы хабарлағандай, жәбірленушінің әпкесі Мәншүк Бөбеева әйелдің бұрынғы күйеуімен он жылдан астам уақыт бұрын ажырасқанына қарамастан, ер адам балаларына барып, онымен қарым-қатынасын қалпына келтіруді талап етіп жүрген.
"Ол оны ұрып-соғып, мойын тұсынан пышақпен екі рет ұрған. Сіңлімнің айтуынша, оның аяқ-қолы бірден жансызданған кезде, оны бұрынғы күйеуі тұншықтыра бастаған. Сіңлім қозғалмай жатып қалып көп қан жоғалтқан, сол кезде бұрынғы күйеуі оны өлтірдім деп ойлап, сөмкесін, құжаттарын және дүкеннің кілтін алып қашып кеткен. Ал 15 минуттан кейін сіңлімнің банк картасындағы бар ақшныа шешіп алған", - деді ол.
Әпкесінің айтуынша, шабуыл жасаған адам жалғыз болмаған - жақын жерде тағы бір ер адам болған. Келіншек бұрынғы күйеуімен ауыр қарым-қатынасын үзу үшін басқа қалаға көшуді жоспарлап жүрген. Алайда ер адам оны жібергісі келмей, қорқыта бастаған. Мәншүктің айтуынша, шабуыл жасардың алдында ер адам сіңлісінің әке-шешесіне қоқан-лоқы көрсетіп телефон соққан.
«Ол сіңліме телефон соғып, «Аз уақыттан соң сені өлтіремін» деп қорқытқан. Содан кейін ата-анамызға телефон шалып, «Жақында бәрі бітеді, бәріңді өлтіремін, бәріңді қырамын» деген. Менің ата-анам зейнеткер кісілер, олар дереу 102-ге хабарласып, учаскелік полиция қызметкерлеріне арыз берген, бірақ олар ештеңе істемеді», - дейді ол.
Әйелдің айтуынша, шабуылдаушы тек бірнеше күннен кейін ғана ұсталған. Ұсталған сәтте ер адам тамырын кесіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ оны құтқарып қалған. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр. Ішкі істер министрлігі денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Зардап шеккен келіншектің туыстары ер адамның бәрін жоспарлап, әдейі әрекет еткенін алға тартады.
«Жәбірленуші қазір ауыр ми жарақатымен ауруханада жатыр. Әпкесінің айтуынша, оған тетрапарез – һ аяқ-қолының толық қимылдамай қалуы диагнозы қойылған, омыртқасы зақымдалған. Дәрігерлер оның денсаулығының қалпына келуі екіталай екенін айтқан. 33 жастағы әйел енді ешқашан өз аяғынан тұра алмайды. Оның қамқорлығында кәмелетке толмаған төрт баласы бар. Қазір олар келіншектің ата-анасының қасында.
Еске салайық, Шымкентте болған жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсарын адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасында жариялаған болатын – ер адам бұрынғы әйелінің ізіне түсіп, оны бауыздап кеткен.
Оқи отырыңыз: Семейде өртеніп жатқан үйден әйел адам құтқарылды