Жеті жастағы бала шамамен сағат 17:00-де серуендеуге шыққан, содан кейін үйіне оралмаған
Шымкентте бірінші сынып оқушысы су толы шұңқырға құлап қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 12 сәуірде Тұран-1 шағынауданында болған. Жеті жастағы бала шамамен сағат 17:00-де серуендеуге шыққан, содан кейін үйіне оралмаған. Ата-анасы оны бірден іздеуге кіріскен.
Бала шамамен сағат 22:00-де тереңдігі екі метр шамасындағы су толы шұңқырдан табылған. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазір тексеріс жүріп жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бала құлаған шұңқыр бірнеше жыл бұрын көпқабатты үйлерге арналған септик үшін қазылған. Алайда кейін құрылыс жұмыстары тоқтап, шұңқыр ашық күйінде қалған. Уақыт өте келе ол суға толған.
Бұл шұңқыр мектеп пен балабақшаға жақын жерде орналасқан, сол себепті тұрғындарды үнемі алаңдатып жүрген көрінеді. Олар қауіпті аумақты қоршау туралы жауапты органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, ешқандай шара қолданылмаған.
Оқи отырыңыз: Флорида тұрғыны адам сүйегін сатқаны үшін тұтқындалды