Шымкент әкімдігі қауесеттің бәрін жоққа шығарды
Оқ тиіп жараланған экс депутат есін жиды. Дәрігерлер Руслан Берденовтің өміріне еш қауіп жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеше кешке Шымкент әкімдігінің алдында атыс болып, белгісіз біреу қала әкімінің орынбасарына бірнеше рет оқ жаудырған. Ауыр жарақат алған шенеунік дереу ауруханаға жеткізілген. Мамандар бірнеше сағатқа созылған операциядан кейін науқастың жағдайы туралы ақпар таратты.
«Ота барысында қан кету тоқтатылды, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілді. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ. Жалпы жағдайы ауыр, динамикада қалыпты. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Айта укетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде атысқа қатысты түрлі болжам тарап, оқиғаның бірнеше бейресми себебі айтылған еді. Ал Шымкент әкімдігі қауесеттің бәрін жоққа шығарды.
Еске салайық, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.