Шымкенттегі шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорында маман тапшы

09.01.2025 19:02

Кәсіпорын 500 адамды жұмысқа қабылдайды

Қазақстанда алдағы алты жылда жұмысшы мамандарға сұраныс артады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі күрделі мәселеге айналуы мүмкін. 2030 жылға қарай ел экономикасына шамамен 400 мың кадр қажет болады. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

"Жүк машинасынның жүргізушілері, сантехниктер, дәнекерлеушілерге, құрылыс саласындағы бригадирлерге, сылақшылар, тракторшылар сияқты жұмысшы мамандықтарына сұраныс артады", – деді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының жетекші сарапшысы Дулат Өтеғали.

Шымкенттегі шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорында еңбек күші аз, маман жоқ. Зауыттың өзі жылына 24 млн шұлық өндіруге қауқарлы.  Фабрика үшін басты мәселенің бірі – жеткілікті жұмыс күшін тарту.

"500 адамды жұмысқа қабылдай аламыз. Қазір 50 адам жұмыс істейді. Әлі 450 адам қажет. Ерлерге, әйелдерге, үлкен кісілерге де жұмыс бар", – деді зауыт директоры Асан Балабиев.

Сарапшылардың айтуынша, жастардың жұмысқа деген құндылықтары өзгерген. Сондықтан қоғамда жұмысшы мамандықтарды таңдауға деген қызығушылық төмен. Дулат Өтеғалидің сөзінше, өскелең ұрпақ "тез баюдың" жолын іздейді.

"Ең бірінші, жастардың жұмысқа деген құндылық бағдарларының өзгеруін атап өтуге болады. Қазіргі кезде түрлі зерттеулерге көз жүгіртсек, құндылықты бағдарларда материалдық қамсыздану немесе тез уақытта материалдық жетістікке жету деген мәселе туындайды", – деді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының жетекші сарапшысы Дулат Өтеғали.

Ал үкіметтегілер бұл мәселені шешу үшін кәсіби-техникалық білім беруді дамытуға күш салып жатқанын айтты. Сөздерінше, елдің әр өңірінде колледждер жаңартылып, дуалды оқыту жүйесі енгізілген. "Ауыр жұмыс" деген түсінікті түбегейлі өзгермек.

"Биыл индустрияландыру картасы аясында 190 жобаны іске қосу барысында машина жасау саласында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы сияқты тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Осылайша, қолмен жұмыс жасау түрі біртіндеп автоматтандырылған еңбек түріне алмастыруда", – деді  ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 2 мыңнан астам адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ал министрлер "саладағы кадр қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді"дейді. Маман тапшылығын жою - үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі боп қала бермек.

Лаура Бабас, Давран Әбдиев, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Еңбек адамы: фельшердің мақсаты – науқастың психологиясын игеру