Шымкенттік ардагер елге адал қызмет етуді аманат етті

29.04.2025 21:20

Шымкентте көзі тірі екі-ақ соғыс ардагері қалды

Шымкентте көзі тірі екі-ақ соғыс ардагері қалды. Жауға қарсы шайқасқан қос батырдың бірі – Мұраталы Төлепбергенұлы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соғысқа небәрі он сегіз жасында аттанған Мұраталы ата «қаруым - қолымда, ел үміті - жүрегімде болды» дейді. Жеңіс күніне де аман жеткен ардагер қан майдандағы әр сәттің әлі де жадында екенін айтты.

«Неміске қарай 10 оқ атылса, соның 7-8 Шымкенттегі қорғасын зауытынан шыққан. Шымкент қарулы күш, зеңбірек, пулеметтерді шығарған. Соның арқасында жеңіске жеттік. Қазақтың жерінде қазақ бірінші болу керек. Содан кейін басқа ұлттар тату-тәтті тұруы керек», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Мұраталы Төлепбергенұлы.

Бүгінде 100 жасты еңсерген ардагердің жағдайы жақсы. Қимылы ширақ, сөзі анық, ойы да сергек. Қарттыққа бой алдырмаған қайратты қария медициналық тексерулер мен емдік-сауықтыру курстарынан ұдайы өтеді.

«Атаның жағдайы жақсы. Өзі тұрып, жүреді. Себебі ол жас кезде көп еңбектенге, жаяу немесе атпен көп жүрген. Арақ ішпеген, темекі тартпаған. Сондықтан денсаулығы жақсы, Құдайға шүкір. Оның үстіне біз де жақсылап қараймыз», – деді ҰОС ардагерінің ұлы Бекжан Төлепбергенов.

Жеңіс күні жақындаған сайын Мұраталы атаның шаңырағы меймандарға толады. Елге еңбегі сіңген, ұрпаққа үлгі болған қарияның батасын алуға асығатындар көп. Ал Мұраталы қарт баршаға бейбіт күннің қадірін білуді, ел мен жерге адал қызмет етуді аманат етті.

Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Қонаевта соғыс ардагеріне 5 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді