Шырша безендіру: Семейде биіктен құлаған мұғалімге ота жасалды

23.12.2024 19:26

Өңірде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды

Семей қаласындағы орталық алаңдардың бірінде жаңа жылдық шыршаны құрып, безендіруге жұмылдырылған мұғалім биіктен құлап, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Зардап шеккен қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысының бас сүйегі зақымданып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Бұл оқиғаға байланысты Абай облысының білім басқармасында қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде педагогтерді шырша құруға міндеттеген білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Белгілі болғандай, жауаптылар әкімдіктің құзыретіне кіретін жұмысқа 3 бірдей мектептің мұғалімдерін жұмылдырған. Оқыс оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдіріп, бұл жағдай ұстаздардың құқығын таптайтын өрескел заңбұзушылық екенін жеткізді. Ал ауыр жарақат алған мұғалім дәрігерлердің бақылауында.

"Бас сүйегі сынған. Басына қан құйылған. Операцияда қанды алдық. Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде. Қазір денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", – деді нейрохирург дәрігер Төлеген Тоқмолдинов.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Мейірімді қақпақша» экоакциясына қатысушылар марапатталды