SIM-карталарды тіркеу кезінде биометриялық және анкеталық тексеру енгізу қажет - сенатор

Нұртөре Жүсіп соңғы бес жылда жасөспірімдер арасындағы бала туу көрсеткішінің шамамен 1 жарым есеге артқанын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік көбейіп барады. Мұндай құбылыс пандемия кезінде басталған. "Мәселені шешу керек" деп дабыл қаққан сенатор Нұртөре Жүсіп кәмелет жасына толмағандардың жүктілігі мен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған Нұртөре Жүсіп соңғы бес жылда жасөспірімдер арасындағы бала туу көрсеткішінің шамамен 1 жарым есеге артқанын айтты. Сенатордың есебінше, жеті бірдей өңірде, әсіресе, оңтүстік пен батыс аймақтарда жасөспірімдердің бала туу көрсеткіші өте жоғары. Соның ішінде Жамбыл, Түркістан мен Маңғыстау облысының деректері жаға ұстатарлық. Депутат жап-жас қыздарды қорлау да, зорлау да көбейді деп дабыл қағып отыр. Мұндай фактілер қоғамда жабулы күйде қалып жүр деген Нұртөре Жүсіп, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды екенін айтты.

"Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Ал депутат Жанна Асанова бір мезетте жүздеген , SIM картаны пайдалануға мүмкіндік беретін СИМ бокстарды лицензиялау керек деген пікірде. Себебі алаяқтар дәл осы құрылғыны қолдана отырып, телефон нөмірлерін өзгертеді және құқық қорғау органдарының бақылауынан тыс заңсыз әрекеттерді жүзеге асыра алады. Сенатор осы мәселені шешу үшін абоненттік құрылғыларды тіркеу процесін қатаңдатуды ұсынды.

Атап айтқанда, депутаттың айтуынша, SIM-карталарды тіркеу кезінде биометриялық және анкеталық тексеру енгізу қажет.

"Бүгінде заңнамада SIP-телефониямен кез келген адам айналыса алады, ал SIM-бокс құрылғылары ешқандай шектеусіз елге әкелінуде. Бұл азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. SIP-телефонияны лицензияланатын қызметтер қатарына енгізіп, оны бақылауға алу қажет. Сонымен қатар SIM-бокс құрылғыларын елімізге әкелуді заңнамалық тұрғыдан реттеу арқылы олардың қылмыстық схемаларда қолданылуына жол бермеу аса маңызды", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова.

Жанна Асанова келтірген статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы 18 мыңнан астам интернет алаяқтығы тіркелген. Қылмыскерлер абоненттік құрылғыларды тіркеу жүйесіндегі олқылықтарды пайдаланып, заңсыз әрекеттер жасап жатыр. Ал бұл олардың анықталуы мен жауапқа тартылуын қиындатады. Сондықтан аталған сала бақылауға алынса, сіз бен бізге хабарласатын алаяқтардың жолы кесілуі бек мүмкін.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Министрлік мобильді байланыс операторлар тарифінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді

Новости партнеров