Әскерге баратын азаматтардың банк алдындағы берешегі уақытша тоқтатылады

07.03.2025 16:29

Қазірдің өзінде 17 мыңнан астам әскери қызметшіге осындай мүмкіндік берілген

Елімізде 30 маусымға дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам жас әскер қатарына алынады. Олар Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдарының қатарын толықтырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қарулы күштер бас штабы бастығының орынбасары Сәкен Жүсіповтің дерегінше, қазір азаматтарды есепке алу секілді жұмыстар цифрландырылған. Жастарды смс хабарлама арқылы шақыру мәселесі де қаралып жатыр.

 «17 жастағы жасөспірімдерді әскери есепке қою электрондық үкіметтің проактивті форматына ауыстырылды. Сондай-ақ бұл санатқа білім алып жатқан, бір немесе одан да көп баласы бар азаматтар, педагогтар мен ауылдағы дәрігерлер және ғылыми дәрежесі бар жандарды әскерден босату немесе шақыруды кейінге қалдыру да енгізілді. Былтыр 300 мыңға жуық адам кейінге қалдыру қызметін пайдаланған», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Сәкен Жүсіпов.

Сондай-ақ Отан алдында борышын өтеуге барған азаматтардың банк алдындағы берешегі уақытша тоқтатылады. Қазірдің өзінде 17 мыңнан астам әскери қызметшіге осындай мүмкіндік берілген. Олардың жалпы қарызы 6,6 миллиард теңге. Министрлік мәліметінше, арнайы алгоритм әзірленіп, сарбаздардың банк алдындағы қарыздары мен микрокредиттері туралы мәліметтері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі. Деректер негізінде кредиторлар негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдырады. Одан бөлек, қызметте ерекше көзге түскен мыңнан астам жас грантпен білім алып жүр.

«Әскери қызмет кезінде сарбаз еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын игеруге мүмкіндік алады. Оларға оқу аяқталғаннан кейін арнайы сертификат беріледі, – деді Сәкен Жүсіпов.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды: Алматы әуежайын дүрліктірген күдікті ұсталды