СҚО-да 44 адамды кене шақты

Биыл аурудың алдын алу мақсатында 590 адамға екпе егу жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да көктем басталғалы 44 адамды кене шақты. Олар арасында 15 бала бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көктем келісімен Солтүстік Қазақстанда тек табиғат емес, қауіпті жәндіктер де белсенділігін арттыра бастады. Әсіресе өңір халқын кенелердің көбеюі алаңдатып отыр. Қазірдің өзінде бірнеше тұрғын медициналық көмекке жүгініпті. Солардың бірі – 58 жастағы Қайрат Қазбеков. Қансорғыш жәндік шаққан соң ер адамға «кене риккетсиозы» диагнозы қойылған. Бұл – адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы ауру.

 «Трактор жөндеп жатқанмын. Түнде жатарда аяғымнан кене тауып алдым. Итеріп, алып тастадым. Ертеңіне дене қызуым көтеріліп, бөртпелер шыға бастады. Сол сәтте бірден ауруханаға жатқызды», – деді зардап шегуші Қайрат Қазбеков

Инфекционист дәрігердің айтуынша, кенелер аса қауіпті жұқпалы ауруларды таратады. Энцефалит, боррелиоз және риккетсиоз – соған дәлел. Бұл дерттердің таралуы жәндіктердің белсенділігімен тікелей байланысты. Яғни сәуір мен қазан айлары аралығында өршиді. Сондықтан мамандар дәл осы кенелердің шағуын елеусіз қалдырмай, алғашқы белгілерде-ақ дереу дәрігерге жүгінуге кеңес береді.

 «Дерттің емі бар, дегенмен ағзаға айтарлықтай салмақ түсіреді. Әдетте науқастың дене қызуы күрт көтеріліп, басы қатты ауырады. Денеде бөртпелер пайда болып, шағылған тұста қабыну мен қызару байқалады. Мұндай жағдайда науқас инфекциялық бөлімшеге жатқызылып, орта есеппен бір апта бойы ем қабылдайды», – деді№ 1 петропавл қалалық емханасының инфекционист дәрігері Ғалия Сыздықова.

Мамандардың айтуынша, қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы – кене энцефалитіне қарсы екпе салдыру. Ал қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау – өзіңіз бен жақындарыңызды қауіпті жәндіктен қорғаудың сенімді жолы.

 «Орманды алқапқа, саяжайға немесе серуенге шыққанда ең алдымен киімге мән берген жөн. Ашық түсті, ұзын жеңді киім киіп, шалбар балағын шұлықтың ішіне салып қойған дұрыс. Міндетті түрде бас киім киюі керек. Себебі кенелер көбіне шөптің арасында жасырынып жатады. Осыны ескеріп жүрсек, қауіптің алдын алуға болады», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Құшбасов.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде кене энцефалитіне қатысты 5 жағдай тіркеліп, оның үшеуі Петропавл қаласында анықталған. Биыл аурудың алдын алу мақсатында 590 адамға екпе егу жоспарланған.

Мәди Мәлік. Нұргүл Алина, СҚО

Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік гемофилия күні: елімізде қанша адам тұқым қуалайтын дертке шалдыққан

Новости партнеров