СҚО-да танысын атып өлтірген тұрғын ұзақ жылға сотталды

19.03.2025 19:57

Қылмыскер жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады

Аlmaty.tv

Солтүстік Қазақстанда Жаңа жылды тойлауға келген танысын атып өлтірген азаматқа үкім шығарылды. Енді ол алдағы 13 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болады, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

«Қайғылы оқиға биыл 1 қаңтарда Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында болған. Сол күні айыпталушы Андрей Кравчуктің үйіне таныстары Маркин, Маркина және Кожухов қонаққа келген. Олар дастархан басына отырып, бірлесіп ішімдік ішкен. Кейін Кравчук пен Кожуховтың арасында жанжал туындайды. Осы сәтте ашуға булыққан 41 жастағы айыпталушы жатын бөлмеге барып, төсегінің астынан 32 калибрлі «ИЖ-К» маркалы тегіс ұңғылы мылтығын алып шығады. Содан кейін қонақтар отырған бөлмеге беттеп, Кожуховқа қару кезеніп, атып жіберген. Жарақат алған Кожухов ауруханада қайтыс болады», - делінген хабарламада.

Іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.  

«Сот Андрей Кравчукті ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оны 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады», — деді үкімді оқыған Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Беккужинов.

Сондай-ақ Андрей Кравчук қайтыс болған танысының жақындарына 20 млн теңге моральдық шығын өтеуі тиіс.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Қоршауда қалдық: Аралтөбедегі аудан барар жалғыз көпірді су шайып кетті