Тәртіп сақшылары жүргізушілерден жол жүру ережесін қатаң сақтауды сұрайды
Өткен тәулікте Қарағанды облысында 22 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оған ауа райының күрт өзгеруі және жүргізушілердің жол жүру ережесін сақтамаы себеп болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бір жол-көлік оқиғасынан жаяу жүргінші қайтыс болды. Сондай-ақ екі адам түрлі дене жарақатын алды. Сағат 19.00 шамасында Липецкая көшесінде 53 жастағы қоғамдық көліктің жүргізушісі жолдың тайғақтығынан 56 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жәбірленуші азамат ауруханаға жеткізіліп, алған дене жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Шахтинск және Теміртау қалаларында болған жол-көлік оқиғаларынан екі адам ауруханаға жеткізілді.
Тәулік ішінде тіркелген қалған 19 жол-көлік оқиғасында зардап шеккендер жоқ.
Қарағанды облысының полиция департаменті көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жолдың тайғақ кезінде жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.
Оқи отырыңыз: Астанада көктайғақ салдарынан 16 көлік соқтығысты