Тағдыр ерте есейтіп, үлкен міндет жүктеді - ардагер

13.03.2025 17:43

«Алматы» телеарнасы майдан шебінде және оның тысында жүріп, ерлік көрсеткендерге қатысты оқиғаларды көрермен назарына ұсынуын жалғастырмақ

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Тарихи дата қарсаңында «Алматы» телеарнасы майдан шебінде және оның тысында жүріп, ерлік көрсеткендерге қатысты оқиғаларды көрермен назарына ұсынуын жалғастырмақ.

Саналы ғұмырын елдің батысындағы Бөкей ордасын өркендетуге арнаған, өзіне тапсырылған жауапты қызметті абыроймен атқаруға тырысқан белгілі еңбек ардагері Тауасих Мырзағалиевтің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол небәрі он бір жасында колхоз жұмыстарына белсене араласып, майдан шебін азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысты. Пішен шапты, астық бастырып, масақ терді. Басқа түскен тағдыр пәрмені оны ерте есейтті, үлкен міндет жүктеді.  

 «Күндіз-түні соғыстың өртінде болдық. Біздер мектеп оқушылары Тимур командасын құрып, соғысқа қарсы әрекетімізді жасадық. Мектепті күзететін едік. Байпақтан аяғым үсіп, жатып қалдым, кесуге аз қалды», – деді еңбек ардагері Тауасих Мырзағалиев.

Ағаш мылтық асынып, оқушылар осылайша ел қорғауға кіріскен. Ал соғыс аяқталған кезеңде болашақ қоғам қайраткері 7 сыныпты тәмамдаған. Аңсай күткен жеңіс хабары жеткенде қуанышты ел-жұртпен бірге бірнеше күн тойлаған. Ардагер ерлікке толы жылдардың естелігін бөлісіп қана қоймай, өзі жайлы да аз-кем сөз қозғады. Әкесі мен анасынан ерте айырылған ол жауапкершіліктен еш қашпаған. Әрдайым қарындасы мен інісіне қамқорлық танытып отырған. Алматыға оқуға түсіп, ізденіске бет бұрған.

 «Ауыл шаруашылығы институтына түстім. Мал дәрігері мамандығын алып, 1954 жылы Орда ауданына жіберді. Бірақ сұранып, елге бардым. Шоңай өлкесіне бас зоотехник болдым», – деді еңбек ардагері Тауасих Мырзағалиев.

Бірте-бірте іске араласқан жас маман, кейін басшылық қызметтерді де сәтті атқарады. Мәселен 1964-1977 жылдары Тауасих Мырзағалиев он үш жыл бойы Орда совхозының директоры, ал 1977 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Жарты ғасырға жуық еткен еңбегінің нәтижесінде ол аудан тұрғындарының әл-ауқатының көтерілуіне, өсіп-өркендеуіне, шаруашылықтың дамуына көмектескен. Сол кезде мол астық та жиналып, жоспар 50 есеге асыра орындалған. 

«Тауасих ағаның айтар естелігі өте көп. Жан дүниесі жомарт жан. Өзі өмір кешкен ортасына өнеге көрсетіп, әрдайым үлгі бола білген тұлға. Осы қағидамен ғұмыр кешіп, әлі де өмір сүру қарқынының белсенді ырғағынан айнымай келе жатыр», – деді  «ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесі» қоғамдық қорының менеджері Дәрия Ысқақова.

Тауасих Мырзағалиев екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» ордені, «Құрмет белгісімен» марапатталған. Төрт перзентінен тараған немере-шөберелері қазір еліміздің батысы мен шығысын жалғап отыр. Ардагер күнделікті жақындарының амандығын біліп отырудан шаршамайды. Телефоны мен теледидары да сенімді серігіне айналған. Абыз ақсақал айналасына қалтқысы жоқ қамқорлық танытудың үлгісін көрсетуден жалыққан емес.    

Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: ЖИ бизнеске салық есебін дербес әрі онлайн жүргізуге көмектеседі