Соғыс тарихы әлі де зерттеледі: Астанада халықаралық ғылыми конференция өтті

Республика бойынша 111 соғыс ардагері бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соғыс тарихы әлі де зерттеледі. Бұл туралы Астанада өткен «Ұлы Отан соғысы батырларының ұлт тарихына қосқан үлесі туралы» халықаралық ғылыми конференциясында айтылды. Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан қарулы күштерінің өкілдері мен ғалымдар қатысқан іс-шарада әр елдің соғысқа қосқан үлесі туралы баяндалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елордадағы Ұлттық қорғаныс университетінде өткен халықаралық конференцияда соғыс оты лаулап тұрған жылдардың тарихы айтылды. Қазақстан майдан даласына жауынгерлер аттандырып қана қомай, оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ жөнелтіп отырған. Сол жылдары қазақ даласынан ұрыс алаңына 1 миллионнан аса адам барған. Оның 500 мыңға жуығы қаза тапқан. Қазақ халқының жеңіске жету жолында сіңірген еңбегі бүгінгі жиында айтылды.

 «Осы конференцияның ақтық шеңберінде соғыс алаңында ғана емес, тылда еңбек еткен, әлі зерттелмеген мәселелерді көтеріп, қолға алатын іс-шаралар бар екенін көріп отырмыз. Депутаттар жағынан да ұсыныстар түсіп жатыр. Сондықтан саланы зерттеледі деп ойлаймын», – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Асқар Мұстабеков.

Соғысқа Өзбекстаннан екі миллион азамат барған. Түрлі жарақат алып, із-түссіз жоғалғандардың саны 640 мың болса, 500 мыңнан астам жауынгер қаза тапқан. 60 мың адам майданнан мүгедек болып оралған. Бұл – өзбекстандық әскери Рустам Якушкиннің келтірген дерегі. Ол халықаралық жиында халқының жеңіске қосқан үлесі туралы баяндады.

«Мен келтірген деректер аз ғана бөлігі. Соғыстың залалын сағаттап айтуға болады. Біз ата-бабаларымыздың ұрыс даласындағы ерлігін бағалаймыз. Өзбекстан президенті де әрдайым ардагерлерге құрмет көрсетіп, қолдап жүреді. Оларды әскери бөлімдерде, институттар мен мектеп қабырғасында өтетін түрлі шараларға шақырамыз. Елімізде ардагерлерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Олардың ерлгін ешқашан ұмытпаймыз», – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің магистрі Рустам Якушкин (Өзбекстан)

Жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 500-ден астам көшеге елеусіз қалған қаһармандардың есімі берілетінін мәлімдеді. Президенттің бұл шешімі – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам. Сенатор Алишер Сатвалдиев соғысқа қатысқан ардагерлердің ерен ерлігін кеңінен насихаттау керек екенін айтты.

 «Қаржылай оларға көмек мемлекет тарапынан бөлініп жатқанын білеміз. Республика бойынша 111 ардагер бар. Күннен-күнге азайып бара жатыр. Сондықтан жастар, қоғамдық ұйымдар және Қазақстанның азаматы ретінде барлығымыз олардың құрметеуіміз керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев.

Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылған. Мыңнан астам әскери-патриоттық жиын да өтеді. Оның ішінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы бар. Ал 7 мамыр күні Астанада төрт мыңнан астам әскери қызметші қатысатын ауқымды шеру болады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жеңіс күні: Қазақстанда «Ерлікке тағзым» республикалық акциясы өтіп жатыр

Новости партнеров