Іс-шара барысында QazaqGaz компаниясының қызметкерлеріне жол ережелерін сақтау мен қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығы түсіндірілді
Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған “STOP - ДТП” акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара барысында QazaqGaz компаниясының қызметкерлеріне жол ережелерін сақтау мен қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұл жолы тек теориямен шектелмей, арнайы тренажердің көмегімен қызметкерлер соқтығыс сәтін өз басынан өткеріп көрді.
QazaqGazOnimderi жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Aлматы өндірістік филиалы - көлік пен арнайы техниканы жүргізушісімен бірге жалға беретін мекеме. Мұнда қауіпсіздік басты назарда. Сондықтан компания ұдайы тәжірибелік сабақтар өткізіп, мамандарды қауіпсіздік мәдениетіне баулуды жолға қойған. Бұл жолғы іс-шарада жүргізушілер «конвинсер» құрылғысының көмегімен 15 шақырым жылдамдықпен соқтығысқан сәтті басынан өткерді. Көрсетілім қарапайым болғанымен, әсері зор.
«Маған осы жерде қауіпсіздік белбеуі туралы айтылады. Соққы кезінде адам зардап шегуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік белбеуін үнемі тағып жүруі керек», – деді QazaqGazOnimderi ЖШС Алматы өндірістік филиалы пайдалану қызметінің басшысы Азамат Ахметқанов.
Мамандардың айтуынша, бұл тәжірибелік сабақтың құндылығы – әр жүргізушінің қауіп-қатерді жеке сезінуінде. Себебі 15 шақырым жылдамдықтың өзі адам өміріне айтарлықтай қатер төндіреді.
«Арнайы зерттеулер бар. Сол зерттеулер нәтижесіне қарайтын болсақ, сағатына 80 шақырым жылдамдықпен келіп апатқа түскен автокөліктегі жолаушының салмағы 80 есеге ұлғаяды екен. Яғни осы инерция салдарынан оның зардабы қатты болады. Қауіпсіздік белдігін айтып жатқанымыз содан. Енді тағы статистикалық деректерге қарайтын болсақ апаттық жағдайлардың 50 пайызындағы зардабын азайтуға болар еді. Егер белдік болса», – деді QazaqGazOnimderi ЖШС Алматы өндірістік филиалы директорының орынбасары Ернұр жасымбаев.
Бүгінде компания қарамағында 140 техника жұмыс істейді. Олар магистралды және тарату желілерін үздіксіз қамтамасыз етеді. Ал еліміз бойынша QazaqGazOnimderiкәсіпорнында 1600-ден астам көлік тіркелген.
Мәди Мәлік, Аида Иманәлі, Рашидин Якупов